Untitled Document

Сұхбат... Ақыл мен Нәпіс

Ислам діні адамдардың дүниеде де, ахиретте де бақытты, тыныш өмір сүрулерін қалайды. Сондықтан, ақылға бағынуды әмір етіп, нәпіске бағынуға тыйым салған.

Ақыл жаратылмағанда адам тек нәпсіне еріп, пәлекеттерге ұшырайтын еді. Нәпіс болмағанда адам өмір сүруі, өсіп-өркендеуі, дамуы және көбеюі үшін, мәдени өмір сүру үшін қажетті нәрселерге қол жеткізуге ұмтылмайтын, нәпсіне қарсы күресу сауабынан да махрұм қалар еді. Нәпсіне ерген адам Исламның сыртына шығып кетеді. Ислам діні бақыт пен тыныштықта өмір сүру үшін қажетті нәрселерге және дүниелік ләззаттардан пайдалы болғандарына тыйым салмаған. Бұларға қол жеткізу және қолдану тұрғысында ақыл мен дінге мойынсұнуды әмір еткен.

Нәпіс ешкімнің қол астында, әмірлігінде болуды ұнатпайды. Сондықтан ғибадат жасауды қаламайды. Нәпістің азығы қарсы шығу, қырсығу, яғни күнә істеу, харамдар болғандықтан күнәлардан сақтану оған өте ауыр тиеді. Сол себепті хазреті Имам Раббани «Нәпсіге күнәлардан қашу, ғибадат жасаудан да ауыр келеді. Сондықтан күнәдан қашуың өте сауапты болады» деген.

Хадис шәрифте: «Ахиретте болатын нәрселерден, сендердің білгендеріңді жануарлар да білгенде, жейтін ет таба алмас едіңдер!» делінген. Яғни, жануарлар ахиреттегі азаптардан қорыққандықтан жеп- ішуден тыйылар еді. Терісі мен сүйектері ғана қалар еді.

Адамдардың өмір сүруі, нәпістерінің ғафилдігі және дүние ләззаттарына берілгендігі арқасында іске асуда. Нәпіс екі жағы да кесетін өткір пышақ сияқты. Улы дәрі іспеттес. Емшінің кеңесі бойынша қолданған адам мұның пайдасын көреді. Шамадан артық қолданған адам зиянын көреді. Ислам діні нәпістің жойылуын, жоқ болуын емес, тәрбиеленуін, одан пайдалануды әмір еткен.