Сұхбат... Құл (кісі) ақысы кешірілмейді
Аллаһу та'ала адамдардың мойнындағы құл ақыларын кешірмейді. Құлдар арасындағы күнәларда міндетті түрде бір күні есеп жасалып, әділет орнайды. Құл ақысы араласпаған күнәлар – Аллаһ пен пенде арасында қалады. Оларды Хақ та'ала қаласа кешіреді, қаламаса жазалайды. Ол тіпті бір күнәхар пендесін де әулие қылуы мүмкін. Оны Раббымыздың Өзі біледі. Мысалы, бір жерде жұмыс істейтін адамның жұмысқа келуі-келмеуі, жұмысын жақсы атқаруы немесе атқара алмауы, оның жазаға лайықты болуы-болмауы бастығы мен сол адамның арасындағы мәселе. Бастығы қаласа, кешіреді. Өйткені бұл мәселелерде ол адамның жауапкері тікелей оның бастығы. Бірақ ол адам заңға қайшы бір қылмыс істесе, мысалы біреуді өлтірсе және ол мәселе сотқа асса, бастығының бұл мәселеге қатысы бола алмайды.
Міне, құл ақысы да осыған ұқсайды. Аллаһу та'ала құлдар арасындағы күнәлардың махшар күнінде құрылатын сотта шешілуін тағдыр еткен. Ол жердегі сотта мүйізсіз қошқар оны сүзген мүйізі бар қошқардан ақысын алады. Осыншалықты нәзік бір әділет орнығады.
Мұсылмандар мен кәпірлер арасында, мұсылмандар мен жануарлар арасында, мұсылмандар мен мұсылмандар арасында өте нәзік бір сот құрылады. Жануар ақысын өтеу мұсылман ақысынан, кәпірдің ақысын өтеу де жануар ақысынан қиынырақ болады. Бала ақысы, әйел ақысы, ұстаз ақысы, ата-ана ақысы, дос ақысы, көрші ақысы сияқты тағы көптеген ақылар бар. Мысалы бір адам біреуге жала жапса, айқайлап оны қорласа, екі мұсылман кездескен кезде бірі екіншісіне қабақ асып қарап, ренжітсе немесе бірі екіншісінің бетіне қарамаса, бетін одан бұрса, ақысын жеген болады. Өйткені екіншісі «Мен оған не істедім, бір айып істеп қойдым ба екен? Неге маған суық қарады?» деп ойланып ренжиді.