Ғибрат... Ананың шеберлігі
Томас Эдисон электр шамын ойлап тапқан, адамзат тарихының ең үлкен өнертапқыштарының бірі.
Томас Эдисон 1847 жылы, 11 ақпанда Огайо штатындағы Милан қаласында дүниеге келген. Жеті жасында барған мектебінде үш айға жетпей «Үлгерімі нашар» деген себеппен мектептен шығарылады. Кішкентай кемеңгерді ұстаздары түсіне алмаған болатын. Томас Алва Эдисон ол күні сабақтан үйге келгенінде қолындағы қағазды анасына ұсынып, «Бұл қағазды ұстазым берді және тек қана сізге табыстауымды ескертті» дейді. Анасы мектептен жіберілген қағазды оқып отырып, көзжастарына ерік береді. Кейін баласына бұл хатты дауыстап оқып берді: «Балаңыз өте данышпан. Бұл мектеп ол үшін кішкентай және оны жетілдіретіндей дәрежеде мұғалімдеріміз жоқ. Өтініш оны өзіңіз оқытыңыз...»
Анасы оны мектептен шығарып алып үйде өзі оқыта бастайды. Айналасындағы достарынан жәрдем алады. Арнайы мұғалім жалдайды және физика, химия пәндеріне қызығушылығы артқан баласын жігерлендіріп отырады. Тіпті үйде лаборатория құруына мүмкіндік береді.
Анасының бұл еңбектері ахыр аяғында өз жемісін берді. Арадан ұзақ жылдар өтеді. Эдисон анасы қайтыс болғанында сол дәуірдің ең данышпан, ең беделді ғалымдарының біріне айналған болатын. Бір күні ескі заттарды реттеп отырып тартпаның бұрышында бүктеулі жатқан қағазды алып оқиды. Бұл әлгі мектеп мұғалімінің анасына жіберген хаты болатын. Қағазда «Балаңыздың ақылы кеміс. Оның мектебімізде оқуына рұқсат бере алмаймыз» деп жазылған еді. Томас Эдисон сағаттап жылап, біршама уақыттан соң күнделігіне мына мәтіндерді жазды: «Томас Эдисон қаһарман анасы тарапынан, жүз жылдың данышпанына айналған ақылы кеміс бала еді...»