Бала тәрбиесі... Жанұя ішіндегі сүйіспеншілік (2)
Баланы бетімен жіберу дұрыс болмағанындай, тым қаталдық таныту да дұрыс емес. Әсіресе «Сен адам болмайсың», «Сенен түк шықпайды», «Сен адам емес хайуансың» дегендей жазғырулар баланың өзіне деген сенімсіздігін, ынжықтығын қалыптастырады. Керісінше «Осы балам бір жерді тесіп шығады», «Сен үлкен азамат боласың, оқымысты боласың, бастық боласың» деген секілді үндеулер балаға серпініс беріп, сенім беріп келешегіне нық қадам басуына себеп болады. Өз-өзіне сенімді болуға, өзіне жауапкершілікті алуға, батыл болуға септігін тигізеді.
Балалар кішкентай кезінде сұрап үйренуге, білуге әуес балады. Сондықтан балаларға жақсы нәрселерді көрсетіп, сұрақтарына бала түсінетін тілде дұрыстап жауап беру керек. Осылайша баланың ой-өрісі дамиды. Бір нәрсе сұраған кезде аузын жауып тастау, «ана жаққа бар, бөлмеңе бар» деп бетін қайтарып тастау да жасық болуына әкеледі.
Баламен үлкен адамша сөйлесу керек, сырласу, сұхбаттасу керек, айтқан ойын, пікірін соңына дейін тыңдау керек. Дұрысының дұрыс екендігін, бұрыс пікірлерінің қателігін түсіндіру керек. Біздегі көп қателіктің бірі баланың бетін қайтарып тастау. Сөздеріне мән берілмейтін немесе үнемі сынға алынатын бала – тұйық, өзіне сенімсіз және қызба мінезді болады. Осыдан кейін көбі екі сөздің басын құрай алмай, сөйлей алмай ынжық бола бастайды. Сабақта немесе той-жиындарда тақылдап сөйлейтін балалар бар, сосын екі ауыз сөз сөйлей алмай іркіліп тұратын балаларды көреміз. Осының бәрі отбасыдағы тәрбиенің әсерінен қалыптасатынын ұғынып, сүйіспеншілікпен дұрыс тәрбие беруге тырысуымыз керек.