Сұхбат... Намаз – барлық нәрсенің басы
Аллаһу та'ала адамзатқа нәсіп еткен ниғметтері үшін шүкір етуімізді талап етеді. Аллаһу та'алаға шүкіршілік қалай орындалады?
Шүкіршілік бұл – намаз! Өйткені Исламның 5 шартынан екеуі - зекет және қажылық тек бай болған мұсылмандарға ғана парыз. Ораза болса жылда бір рет парыз болады. Ал намазға қатысты ешқандай тосқауыл жоқ. Намазды су жоқта тәйәммуммен, ишаратпен, жатып болса да, оқу керек, ауру кезде де оқу қажет, яғни ешбір бөгет болмағандықтан, Аллаһу та'ала шүкірді намазбен өлшеген. Сондықтан, намаз оқымайтын адамның ешқандай шүкіршілігі Аллаһу та'ала тарапынан қабыл етілмейді. Иманның байрағы, белгісі – намаз. Бір мүмин жүз мың рет қажылыққа барса, жүз мың алтын садақа таратса, жүз мың кедейді тойдырса, егер намаз оқымайтын болса, оның ешбір құны болмайды.
Бала-шағамызға Ислам дінін үйретуіміз керек. Намаз оқудың маңыздылығын түсіндіруіміз керек және міндетті түрде намаз оқытуға тырысуымыз қажет. Намаз оқуына кедергі болған барлық нәрсенің пәлекетке себеп болатынын білуіміз және айтуымыз керек.
Намаз – өте маңызды, өте құнды ғибадат. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Намаздың діндегі орны – бастың денедегі орны секілді.» (Табарани)
«Қияметте құлдан ең бірінші сұралатын ғибадат – намаз. Намазы дұрыс болса, қалған амалдары да қабыл болады. Намазы дұрыс болмаса, ешбір амалы қабыл болмайды.» (Табарани)
«Намазын дұрыс оқыған адамның күнәлары ағаштан жапырақтар төгілгендей төгіледі.» (И. Ахмед)
«Аллаһу та’ала былай деген: “Намазын уақытында, дұрыс оқыған адамға азап бермеймін, ол адамды сұрақ-жауапқа тартпастан жаннатқа кіргіземін”.» (Хаким)