Мақала... Тарих ғылымының маңыздылығы
Тарих шынында да әркімнің білуі қажетті ғылым. Өйткені қазіргі таңда болып жатқан әрбір оқиғаның өткенмен байланысы бар. Бүгінгі құбылыстарды түсіну және келешекке жол салу үшін тарихты білу қажет. Шәйх Әдебали хазреттері: «Өткенін білмейтін адам, келешегін де білмейді. Өткеніңді жақсы біл, сонда келешекке қадамыңды бекем басасың. Қайда баратыныңды ұмытпау үшін, қайдан келгеніңді ұмытпа» деген екен.
Тарих – келер ұрпақтарға жарық тұтатын мыңдаған оқиғаларға толы. Тарих – адамдарға үлгі болатын мыңдаған жарқын еңбектер, көркем өнерлер, қаһармандық мысалдар, сондай-ақ сан қилы зұлымат, азапқа толы күндерді ескертіп одан ғибрат алуға, сабақ алуға, келешекті реттеуге, алдын алуға жол сілтейді. Осы тұрғыдан тарих ғылымы өзіндік орны ерекше ұлттық, елдік тұрғыдан пайдалы ғылым болып табылады.
Келешек үшін болжам жасау, жоспар құру тарихты білетіндер үшін оңайырақ болмақ. Әсіресе мемлекет басқару істеріндегі адамдардың міндетті түрде тарих ғылымын білуі қажет. Тарихта жетістіктерімен із қалдырған мемлекет адамдары мен патшалар тарихты жақсы меңгерген. Махмұд Ғазнауидің жанында мәшһүр тарихшы әл-Беруни болған. Әмір Темірдің де жанынан үнемі тарихшылар табылатын және өзі себепші болған тарихи оқиғаларды дұрыстап қағазға түсіргізетін.
Адамзаттың, адамгершіліктің жетілуінде тарихтың маңызы зор. Тарих адамдардағы рухани құндылықтарын арттырады, ұлттық сезімдерді, отанға деген махаббатты қуаттандырады. Тарихына, мәдениетіне мән бермейтін ұлттар құндылықтарын жоғалтып, жойылуға, басқа мәдениеттерге сіңісуге бейім болады.