Untitled Document

Күннің тарихы... Қысқы Универсиада 2017

28-ші қысқы Универсиада, Қазақстанның Алматы қаласында 2017 жылы 29-шы қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында өтті. Универсиада жарыстары спорттың 12 түрі бойынша өтті. Олардың арасында тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер арасында) және керлинг ойындары бар. Универсиаданың командалық есебінде Ресей жасағы бірінші орынды еншіледі (29 алтын, 27 күміс және 15 қола медаль). Қазақстан екінші орынға тұрақтады (11 алтын, 8 күміс және 17 қола медаль). Үшінші орынға Корея (11, 5, 5) командалары тұрақтады. Қысқы ойындар кезінде барлығы 85 медаль жиынтығы сарапқа салынып, 26 елдің өкілдері бас жүлделерді еншіледі.

2017 жылғы Универсиада Дирекциясының мәліметтері бойынша 117 спорт жарысына жалпы есеппен алғанда 236 мың 744 билет сатылған. Алматыдағы Бүкіләлемдік студенттер ойынына Қазақстан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Украина мен т.б көптеген елдерден 3000 ерікті жұмылдырылды. Универсиаданың жабылу салтанатында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев: «Алматы Универсиадасы – әлем спортының тарихына өзіндік ізін қалдырды. Алматы ойындарын 1 миллиардтан астам адам тамашалады. 28-ші қысқы Универсиада шығындарды үнемдегеніне қарамастан жоғары денгейде өтті. Универсиада барлығына 57 елдің спортшыларын бір жерге жинаған байрақты бәсеке ретінде есте қалады. Аз ғана уақыттың ішінде салынған «Алматы Арена», «Халық Арена» стадиондары денсаулық сақтау және мәдени нысандар, тұрғын үйлер алматылықтар мен қазақстандықтардың игілігіне беріледі»,-деді. Келесі студенттер ойыны 2019 жылы Ресейдің Красноярск қаласында өтеді.