Сұхбат... Аллаһу та’аланың мейірімі
Адам күнә істеуден бұрын:
- Көңілінен өткізеді.
- Ниеттенеді.
- Шешім қабылдайды.
- Орындау үшін әрекетке өтеді.
- Орындайды.
Алғашқы төртеуі орындалғанда Аллаһу та’ала мейірім етіп күнә жазбайды. Күнә істегенде де дереу жазбайды. Күнәларды жазатын кираман катибин періштелері құлдың тәубе етуі үшін кешке дейін күтеді. Тәубе етпесе кешкісін бір күнә жазады. Ал бұған керісінше бір жақсылық жасауды ойдан өткізгенде бір сауап жазылады. Бұған ниеттенгенінде, шешім қабылдағанында, әрекетке өткенінде және орындаса ықыласымен ниетіне қарай бір мен жеті жүзге дейін сауап алады. Бұлай болуы Аллаһу та’аланың құлдарына деген үлкен ихсаны мен мейірімі.
Күлімдейік...
Тапқырлық
Астанадан Алматыға қатынайтын ұшақта бір кісі жанында отырған әйелге көп білетіндігін паш ете отырады. Көп білетіндігін көрсетем деп, мақтанудың ырқына кіріп кеткендігі соншалық, бірде жанындағы әйелге ойын ойнауды ұсынады. «Сізге сұрақ қоямын, жауабын таппасаңыз маған 500 теңге бересіз, содан кейін сіз сұрақ қоясыз мен жауабын таппасам сізге 5000 теңге беремін» дейді. Әлгі әйел келіседі. «Ай мен жер арасындағы қашықтық қанша км?» дейді. Әйел үндеместен әмиянынан 500 теңге шығарып береді. Енді сұрақ қою кезегі әйелге келеді. «Тауға 3 аяқпен өрмелеп шығып, 4 аяқпен жерге түсетін не?» дейді. Әлгі кісі ары ойланып, бері ойланып, таба алмайды. Әмиянынан 5000 теңге шығарып береді. Әйел ақшаны әмиянына салып жатқанда әлгі кісі «жаңағы сұрақтың жауабы не?» дейді. Әйел тағы да үндеместен әлгі кісіге 500 теңге беріпті.