Untitled Document

Әдеп-ахлақ... Мақтану адамның қадірін түсіреді

Адам өзін-өзі мақтай бастаса қадірі түседі. Өйткені пайғамбарымыз: «Мақталуды, мадақталуды жақсы көру адамды соқыр, әрі керең етеді. Енді ол өз айыптарын, кемшіліктерін көрмейтін болады. Дұрыс сөздерді, өзіне айтылған насихаттарды естімейтін болады» деген.

Ислам ғалымдары мақтаусүйерлікті көңіл (жүрек) аурулары қатарына жатқызған. Оны емдеу жолдарын да көрсеткен. Мақталуды жақсы көрудің себебі – адамның өз-өзін ұнатуы, өзін басқалардан үстем, жоғары санауы. Мұндай адамдарға мақтаған ләззатты, ұнамды келеді.

Уәһб бин Мунәббих хазреттері: «Мұнафықтың ерекшеліктерінің екеуі – мақтағанды жақсы көру және жұртты кемсітуді, қорлауды ұнату» деген.

Адамның тектілігімен, ата-бабаларымен мақтануы және басқалардан өзін үстем деп санауы, тәкәппарлануы надандық және ақымақтық болады. Өйткені Қабыл, Адам пайғамбардың, ал Йам болса, Нұх пайғамбардың ұлдары еді. Әкелерінің пайғамбар болуы бұларды күпірден құтқара алмады. Ата-бабасының тақуа болғанын айтып мақтану да ақылды адамның ісі емес. Маңызды болғаны, олар сияқты салих, тақуа болуға және олардың жолында болуға тырысу. Өйткені хадис шәрифте: «Адамның өзі жаман болса, ахиретте тегінің үстемдігі оған пайда бермейді» делінген.

Байлық, мансап секілді Құдайдың берген ниғметтерімен мақтану және өзін үстем деп білу де дұрыс емес. Өйткені бұлай мақтану күнә болады. Бірақ «бұл ниғметтер менде аманат, бұлардың негізгі иесі Раббым» деп ойлайтын және айтатын болса, бұларды Аллаһу та’аланың разы болған жолында қолданса, онда бұл жағдай шүкіршілік болып, құнды әрі қабыл болады. 

Мақтаншақтық ауруы адамның өзін басқалардан үстем санауынан туындайтындықтан, ондай адамдар әңгімелерінде басқаларды төмендететін, кемсітетін сөздер қолданады. «Бұлар адам болмайды», «бұлардан қайыр жоқ», деп өзінің үстемдігін бетке шығарғысы келеді. Ал бұл - тәкәппарлық, адамды пәлекетке апарады. Өйткені хадис шәрифте: «Адамдар құрыды дегеннің өзі құрыды» делінген.