Untitled Document

Кәсіпкерлік... Жетістіктің жолдары (4)

Ешқашан «болды, жетілдім» немесе «біттім, тоқырадым» демеу керек. Бабаларымыз «Бесіктен мазарға дейін ілім үйреніңдер!» деген. Әр күніміз, әр көрген-білгеніміз, бастан өткізген оқиғалар да негізі біз үшін сабақ, тәжірибе. Ұтқанымыздан тәжірибе алғанымыздай, ұтылғанымыздан да тәжірибе, сабақ аламыз. Ізденіс ішінде болу керек. Тәжірибедегі қолданымдағы амалдарды жақсы білу мен қатар айналада болып жатқан өзгерістерді де жақсы бақылау керек. Адамдарды тыңдай білу керек.

Джек Уэлч директорлардан бастап қарапайым жұмысшыларға дейінгі барлық қызметкерлердің жұмысқа қатысты пікірін, ұсынысын тыңдап, осы арқылы келеңсіздіктерді шешу және жұмыс барысын жақсартуды көздегенін, осы арқылы жетістіктерге жеткенін айтады. 

Отбасы ішіндегі жылулық, отбасы бақыты да жетістікке бастар жол. Жұбайымен жақсы мәміледе болу, бала-шағаға көңіл бөлуді назардан тыс қалдырмау керек. Егер үйде тыныштық болмаса, жұмыста жетістікті болуыңыз неғайбыл.

Адал, әділ болу керек. Жұмыс, табыс – тіршіліктің құралы. Тек қана ақша, мансап, атақ қуалап кету дұрыс емес. Осы аталғандар үшін материалдық және рухани құндылықтарды сарп етушілерден болмау керек. Хадис шәрифте: «Ахирет жұмыстарын істегенде ертең өлетіндей, ал дүние жұмыстарын істегенде ешқашан өлмейтіндей етіп істеңдер» делінген. Тағы бір хадис шәрифте: «Адамдардың қайырлысы - адамдарға пайдалы болатындар» делінген. Қай істе, қай жағдайда болмасын, көшеде, жұмыс орнында не істесеңіз де осы қағида бойынша әрекет етсеңіз, өзіңізге де, отбасыңызға да, қоғамға да пайдаңыз тиері ақиқат.