Untitled Document

Сұхбат... Діннің жартысы - сабыр, жартысы – шүкір

Ашулану, жүйкелену, күйзеліс заманындамыз. Сондықтан үйімізде де, жұмысымызда да адамдардан келетін ауртпашылықтарға сабыр етейік. «Сабыр ету – рахаттанудың кілті» деген хадис шәрифті ойлап сабыр ету керек. Құран кәрімнің көптеген жерлерінде «Аллаһ сабыр еткендерді жақсы көреді» делінген. Сабыр – діннің жартысы. Қалған жартысы – шүкір ету. Яғни қажетіндей сабыр етіп, шүкір еткен адам дінін қорғаған болады.

Мүминнің сау болғаны да, ауырғаны да жақсы. Аурып қалса сабыр етеді, сауап алады. Шипа тапса, денсаулығы түзелсе шүкір етеді, тағы сауап алады. Расулуллаһ алейһиссалам: «Мүминнің әр халіне таңдануға болады. Өйткені мүминнің басына қуанышты жағдай түссе, ол шүкір етеді. Дерт пен бәле-жала келсе, сабыр етеді. Екі жағдайда да сауап алады» деген.

Намазын оқитын, харамдардан сақтанатын адам – Аллаһу та'аланың сүйікті құлы. Ешқашан, ешбір түрде хал-жағдайымызға шағымданбайық. Әрдайым хамд және шүкір етуші болайық. Өзгенің соңын ойлағанша әуелі өзіміздің соңымызды ойлайық. Ешбіріміздің соңымыз белгілі емес. Тіпті әулиелердің өзі соңғы демдерінен қорыққан. Өйткені адамның нәпсі түзелсе, адам әулие болса да, адамда тағы мінез деген нәрсе бар. Бұл мінез өлгенге дейін бізбен бірге.

Бір хадис шәрифте «Кіші соғыстан шықтық, үлкен соғысқа бара жатырмыз» делінген. Бұл жерде үлкен соғыс деп – нәпіске қарсы күресу айтылуда. Алайда сахабалардың нәпістері мутмаинна (толық тәрбиеленген) болып, иман келтірген еді. Олай болса, бұл сөз «Біз енді мінезімізді жақсартуға бара жатырмыз» деген сөз. Мінез жұқпалы келеді. Жақсылармен бірге болған адам жақсы мінезді, жамандармен бірге болған адам жаман мінезді болады. Ықыласты, салих достар табу керек. Осы достардың бойындағы жақсы қасиеттер, мінездер ақырындап оған да өтеді, осылайша уақыт өте мінезі түзеледі.