Untitled Document

Әдеп-ахлақ... Ғайбаттау үлкен күнә

Ең жаман әдеттердің бірі – ғайбат. Белгілі бір мұсылманның немесе мұсылман емес адамның айыбын оны жамандау ниетімен артынан айту ғайбаттау болады. Ғайбат – харам, амалдардың сауабын жояды, дүние мен ахиретте зиянға ұшыратады. «Ғайбат» пен «сөз тасу» бір-біріне жақын істер. Екеуі де бірдей нәрседен туындайды. Екеуі де шектен шығуға жатады. Екі адамның арасында сөз тасыған адам дінімізде кісі өлтіруші қылмыскерге ұқсатылған. Ал ғайбат айтқан адам өлексе жеген кісіге ұқсатылған. Шектен шыққан адам тәкәппар болады. Адам нәпсін осы ауруларға шалдықтырған кезде «жала жабу» деген күнәны да істей бастайды. Ғайбат адамның өзін өзгеге таза етіп көрсетуді қалауынан және өзін ұнатуынан туындайды. Сондықтан ғайбаттан бәледен қашқандай қашу керек. 

Ғайбат - адамның сауаптарының азаюына, ғайбаттаған адамының күнәларын өз мойынына жүктеп алуына себеп болады. Бұларды әрдайым ойда ұстау адамның ғайбаттауына кедергі болады.

Пайғамбарымыз алейһиссалам «Не қайыр сөйле, не үндеме» деген. Ғайбат сөзді тыңдау екі есе күнә. Өйткені дарбазшының жіптен құлауына оны тамашалағандар кінәлі болғандай ғайбат тыңдаушы біріншіден өзі күнәға батады, екіншіден өзгені күнәға батырады. Кімде-кім ғайбат етушіге «Қой, Аллаһтан қорық, ол сенің дін бауырың» деп тоқтатса, жүз жаннаттықтың сауабын алады. Бұған шамасы жетпесе, ең болмағанда әңгімені басқа жақа бұрып жіберуі немесе ол жерден кетіп қалуы керек. Ахмед бин Харб хазреттері былай деген:

«Маған кім дұшпандық жасап, мені ғайбаттап, жамандап жүргенін, әттең, білсем ғой, оған алтын мен күміс жіберер едім. Менің  дәптеріме өзі жинаған сауаптарды жаздырып жүргендер менен сыйлық алсын.»