Мақала... Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде (2)
«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзді айтқаныма да он бес жылдан асып барады. Қазақ қазақпен өзге тілде сөйлессе, жат жұрт не демейді? Он бес жыл аз уақыт емес. Не өзгерді? Қандай белеске жеттік? Ұлтымыздың жанын баурайтын сөздің мән-мазмұнын ел жүрегіне жеткізе алдық па? Әрине, бұдан жиырма бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, бұл бағытта көп нәрсе алға жылжыды. Ұтқанымыз да, ұққанымыз да баршылық. Өкінішке қарай, ұмытқанымыз да жетіп жатыр. Ұтылмайтын жерде ұтылып, тұтылмайтын жерде тұтылып жататынымыз да жоқ емес.
Мемлекет дамуындағы маңызды мәселенің бірі – үш тұғырлы тіл мәселесі десек, артық айтқандық болмас. Жаһандану жағдайында жалғыз тілмен қала алмайсың. Әлемдік ақпарат, технология, жаңа инновациялық индустрия ағылшын тілінде жүріп жатыр. Демек, бұл тілді де біз еркін меңгеруіміз керек. Ұлтаралық қатынас тілі – орыс тілі де ел дамуында өзіндік рөлін жоғалтқан жоқ. Оны тарихымыздан сызып тастай алмаймыз. Бұрын көп тіл білушілік мақтан болса, енді ол қажеттілікке айналды.
Қажеттілігі сол, көп тіл білсең, көп ақпаратты игересің, өзгелердің озығы мен тозығын айырасың. Бүгінгі уақыттағы экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық пәрмені бар, қуатты дамып келе жатқан мемлекеттердің үлгі-өнегесін танисың. Бәрімен санасуға тура келеді. Оны заман айқын көрсетіп отыр. Жас ұрпақ осыны терең түсініп, жан-жақты болуы шарт. Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Досың да, әріптесің де, жолдасың да көп болады. Алайда, қандай жағдайда да туған тіліміз – қазақ тілі өз мәртебесін жоғары ұстауы тиіс. Туған тілдің туы қашанда биік болуы қажет.