Untitled Document

Ғибрат... Бисмилләһ айту

Жақсы істерді бисмилләһпен бастау керек. Бисмилләһ-тің толығы «Бисмилләһиррахманиррахим» деген сөз. Ләухул-махфузға (тағдырлар кітабы) алғаш жазылған сөз бисмилләһ болып табылады. Адам пайғамбарға алғаш келген сөз – бисмилләһ еді. Мұсылмандар бисмилләһ сөзін айтып Сыраттан өтеді. Жұмақ шақыруының мөрі бисмилләһ болып табылады.

«Дәлаил-ул-хайрат» атты салауат шәриф кітабында жазылған ғибратты оқиға:

Бір әйел не істесе де, қандай іс бастаса да, барлығын “бисмилләһ” айтып істейді екен. Бай отбасынан шыққан күйеуі “шектен тыс көп айтады” деп оның мұнысына ашуланады екен. Бір күні “бұған сабақ болсын, бисмилләһ айтудың пайдасы бола бермейтінін түсінсін” деп бір қалта алтынды әйеліне беріп: “Мұны бір жерге жақсылап жасырып қой, керек кезде сенен алармын” дейді. Әйелі қалтаны алып, “бисмилләһ” деп сандыққа салып қояды. Мұны сыртынан бақылап тұрған күйеуі әйелі жоқта сандықтағы қалтаны алып, бақшадағы құдыққа тастап жібереді. Кейін әйеліне “алтындарымды алып келші” дейді. Әйелі “бисмилләһ” деп сандығын ашып, “бисмилләһ” деп қолын салып, қалтаны шығарса, қалта ылғалданып су тамшылап тұрады. Таң қалған әйел “қалайша су болды екен?” деп тұрғанда алдында тұрған күйеуі бұл жағдайда қатты таңырқағанымен қоса қатты ұялады. Әйелінен кешірім сұрап: “Сені бір ұялтайын деп, қалтаны құдыққа тастаған болатынмын. “Бисмилләһ”тың құрметіне періштелер құдықтан орнына әкеліп қойған шығар” деп “бисмилләһ” айтудың пайдасы көп екендігіне кәміл сеніп, бұл ісіне тәубе етеді.