Untitled Document

Мақала... Мұсылмандық – ынтымақ діні (2)

1400 жыл бойы дүниеде мұсылмандар мен кәпірлердің бір елде, бір жерде бірге өмір сүріп келгендері де көп болған. Мұсылмандар кәпірлерді дос, бауыр деп білмеді. Бірақ бәрімен жақсы қарым-қатынаста болып, олармен жылы жүзбен көрісіп, айналасындағы кәпірларге жүріс-тұрыстарымен, әділетімен, үстем адамгершіліктерімен үлгі болды. Оларға жаман мәміледе болмады. Мейірімді мәмілемен көбінің мұсылман болуына себепкер болды. Көпшілігі мұсылмандықты қабылдап жергілікті халықтармен сіңісіп те кетті. Ислам дінінің мейірбандық діні екендігін осындай сан ғасырлық тарихи деректерден көруге болады.

Соңғы ғасырларда уахабизм, сәләфизм секілді секталардың шыққанын, оның қалай пайда болғанын, кім құрғанын, оның шынайы Ислам дінімен қатысы жоқ екендігін көпшілік біледі. Алайда батыстық ақпарат құралдары уахабизм демей ислам тероризмі, ислам экстремизмі деген ақпарат таратып әлемге исламофобия алауын тұтандыруда. Тіпті кейбір ақпарат көздері пайғамбарымызды масқаралайтын карикатура сызып, кино түсіріп бүлік шығаруға, араға от салуға тырысуда.

Сондай-ақ тарихта мұсылмандарға қарсы ғасырлар бойы жасалған крестік жорықтар, инквизиция соттары, католиктердің протестандарды қырғынға ұшыратқандығы секілді көптеген зұлымдықтар белгілі. Бұлардың ешбірін христиан тероризмі деп ешкім атаған емес.

Қорыта келгенде мұсылмандар көзі ашық, білімді болуы қажет. Ақ-қараны ажырата алатындай, дұшпандардың қырбалаң саясатымен арандатушы ойындарына алданбай еліне, дініне қызмет ете алатындай тәлімді, өнегелі, барлық жағынан озат болуға тырысуы қажет. Мұсылман адамның Аллаһу та’аланың әмірлеріне мойнсұнуы керек, күнә және қылмыс жасамауы керек. Фитнәнің шығуына себепші болмауы керек. Ислам дінінің әдемі, көркем мінез-құлқын, абыройын барлық жерде барлық адамға көрсетіп жүруі керек. Әр халықтың санасында ислам дініне деген сүйіспеншілікті оятып, ислам дініне құрмет көрсетуіне себепкер болуы керек.