Untitled Document

Сұхбат... Әркім өз таңдауына қол жеткізеді

Әр күніміздің соңғы күн, оқыған әр намазымыздың соңғы намаз екенін ойлауымыз керек. Ғұламаларымыз алған әр тынысын соңғы дем деп қабылдайтын еді. Әрине егер адам осылай ойлайтын болса, әр түрлі құмарлық, азғындықты, яғни нәпсін тежейді, бақылауға алады. Харамдар мен халалдар бір-бірімен араласып, барлық жақты қараңғылық қаптаған заманда өмір сүрудеміз. Бұл заманда иманды сақтап қалу өте қиындады. Күнәға бату басқа, харамға мән бермеу басқа. Бірі күнә болса, екіншісі – күпір. Бұл дүниедегі ниғметтердің, үйлердің, зәулім ғимараттардың бәрі – қиял. Бұлардың шынайысы жәннатта мұсылмандарға арналады. Бұл дүние қиял, түс. Түске алданбау керек. Сүйікті пайғамбарымыз «Адамдар ұйқыда, өлген кезде оянады» және «Дүние – мұсылманның зынданы, ал кәпірдің жәннаты» деген. Әлбетте бұл жәннаттағы ниғметтерге, тозақтағы азаптарға байланысты айтылған. Жәннатта сондай ниғметтер болады, бұл өміріміз сол ниғметтердің жанында зындан сияқты болады. Ал кәпірлер болса, азапқа түскен кездерінде қатты қиналады, бұл жақтағы өмірлері сол тозақ азаптарының жанында жәннаттай көрінеді. Сабырлы болу керек, ешкімге ашуланбау керек, өз жағдайымыздан да шағымданбауымыз керек. Дүние – емтихан. Әр сәтте Аллаһу та'ала бізді сынап жатыр. Басымызға келген жақсы-жаман жағдайлардың бәрі – емтихан. Ал енді Аллаһу та'аланы таңдаймыз ба, әлде басқаны ма? Амалдарымызды Ол үшін орындаймыз ба, әлде нәпсіміз үшін бе? Оған бағынамыз ба, әлде Одан басқаға ма? Әрдайым осындай таңдауды қажет ететін өмірдеміз. Аллаһу та'алаға ғибадат жасаушылар, Оны таңдағандар әлбетте Оның разылығына қол жеткізеді. Хақ та'алаға ұнамайтын істерді, нәрселерді таңдағандар, Оның разылығын тәрк еткендер әлбетте тәрк етілген жерге барады. Әркім өз таңдауына қол жеткізеді.