Untitled Document

Ғибрат... Ұзақ өмір (2)

Бір күні, бір патша айнаға қарап тұрып уәзіріне: «әттең өлім болмағанда мына өміріміз  өте керемет болар еді, солай емес пе?» дейді. Уәзірі ол күтпеген түрде жауап береді: «Патшам, керісінше өлімнің болғаны қандай жақсы. Егер өлім болмағанда сіз де патша болмас едіңіз, мен де уәзір болмас едім».

Өмір қаншама ұзақ болса да соңы өліммен тоқтап жатса, бәрі-бір қысқа болып саналады. «Санаулы күндер тез өтеді» деген сөз бар. Өміріңіз 1000 жыл болса да бір күндей өте шығады.

Пайғамбарымыз былай деген: «Қанша өмір сүрсең де бір күні өлесің. Қанша жақсы көрсеңде бір күні айырыласың. Қандай амал істесең де (жақсылық немесе жамандық) қайтарымын көресің.»

Сұхбат...Есінеу

Есінеу – әдепке жат қылық, ғибадаттардың сауабын азайтатын iс (мәкрух). Сүйікті пайғамбарымыз: «Аллаһу та’ала есінегенді жақсы көрмейді», «Есінеу – ол шайтаннан» деген. Алайда барлық есінеу түрі шайтаннан емес. Адам шаршағанда, ұйқысы келгенде де есінейді. Дегенмен ерінді тістеп, есінемеуге тырысу керек. Бұлай істей алмаған адам сол қолының сыртымен ауызын жабуы керек. Хазреті Ибн Абидин: «Есінеуді кетірудің жолы – барлық пайғамбарлардың есінемегендерін еске алу. Ондай кезде сүйікті пайғамбарымыздың да есінемегенін еске алып, дереу салауат айту қажет. Хазреті Қудури (оған Аллаһтың рақымдылығы болсын): «Қанша мәрте тәжіребемізден өткіздік, мұның дұрыс екеніне көзіміз жетті»,- деген. Мен де тәжіребемнен өткіздім, дұрыс екеніне көз жеткіздім»,- деген. (Рәддул-мухтар)