Untitled Document

Сұхбат... Дәрет қалай алынады

1) Әуелі дәрет алуға дайындалу керек. Ол үшін жеңдер шынтаққа дейін түріледі, шұлықтар шешіліп балақтар түріледі, кейін «Ниет еттім Аллаһ разылығы үшін дәрет алуға» деп ниет етіледі және әузу-бисмилләһ айтылады.

2) Қолдар (білекке дейін) үш рет жуылады. Саусақ араларының жуылуына мән беріледі. Саусақта жүзік бар болса қимылдатып айналдырып, асты да жуылады.

3) Ауыз бен мұрын жуылады. Ол үшін оң қолмен ауызға үш рет бөлек-бөлек су алып, әр алғанда жақсылап шайылады. Кейін оң қолмен мұрынға үш рет жеке-жеке су тартылады және сол қолмен сіңбіріп мұрын тазаланады.

4) Бет жуылады. Маңдайдағы шаштың біткен жерінен бастап құлақтың жұмсағына және жақтың астына дейін беттің барлық жері үш рет жуылады.

5) Қолдар жуылады. Алдымен оң қол шынтақтармен бірге үш рет жуылады. Жуғанда құрғақ жер қалдырмай қолдың барлық жерін жақсылап ысқылау керек. Кейін сол қол шынтақтармен бірге үш рет жуылады. 

6) Бас мәсһ етіледі. Оң қолды сулағаннан кейін қолдың ішкі жағын және саусақтарын бастың үстіне қойып бір рет мәсһ етіледі. Қолдар суланып оң қолдың көрсеткіш немесе кішкентай саусағымен оң құлақтың іші, ал бас бармақпен құлақтың сырты, сол қолдың көрсеткіш немесе кішкентай саусағымен сол құлақтың іші, ал бас бармақпен құлақтың арты мәсһ етіледі. (Бастың төрттен бірін мәсһ етумен парыз орындалған болып, дәрет сахих болады. Алайда басты толығымен мәсһ ету сүннет болғандықтан, толық мәсһ тартылғанда сүннет сауабы да алынған болады.)

7. Аяқтар жуылады. Оң аяқ үш рет тобықтармен бірге жуылады. Жуғанда саусақ ұштарынан бастап жуылады және саусақ аралары хилалданып жақсылап тазаланады. Хилалдағанда сол қолдың кішкентай саусағымен оң аяқтың кішкентай саусағынан бастап қалған саусақтарының араларына кіргізіп тазалап жуады. Сол аяқ та үш рет тобықтармен бірге жуылады. Жуғанда саусақ ұштарынан басталады және саусақ аралары оң аяқтағыдай хилалданып жақсылап жуылады.