Мақала... Бүкіл жамандықтардың негізі
Арақ – бүкіл жамандықтардың негізі, қайнар көзі. Арақ ішу күнә болып табылады. Хадис шәрифте «Арақтан сақтаныңдар! Ағаштың бұтақ жайғаны секілді арақ та жамандық жаяды» делінді. Арақ адамның денсаулығы мен қоса рухани саулығына да кері әсер етеді. Отбасы ішіндегі бақытсыздық, жанжал, ажырасулардың басты себепкері. Маскүнемдік – қоғам тыныштығын бұзатын зиянды кесел. Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше қылмыстардың көпшілігі осы ащы суды ішудің салдарында орын алады. Мастықтың соңы төбелес, ұрлық, зорлық, кісі өліміне дейін апарып жатқан жайттар өте көп. Мас күйде көлік жүргізіп, апатқа ұшырап, қаншама адамдардың жанын қиған жағдайларды теледидардан көрудеміз. Арақ адамның санасын тұмандатып, есеңгірететін, саулықты түрде ойлаудан мақрұм ететін зиянды ішімдік. Осы себепті маскүнем адам өзі үшін де, айналасындағылар үшін де қауіп көзі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 30 елде жасаған зерттеулерінің нәтижесі бойынша: адам өлтірудің 85%-ы, зорлық зомбылықтардың 50%-ы, адам өліміне әкеп соққан жол апаттарының 65%-ы, отбасы ішіндегі ұрыс-керістердің 70%-на спиртті ішімдіктер себеп болуда. Басқаша айтқанда жоғарыда аталған қылмыстар кезінде адамдардың мас күйде болғандығы анықталған. Сондай-ақ арақ көптеген аурулардың қоздырушысы. Бауыр, ми және жүйке жүйелеріне елеулі түрде зақым келтіреді. Асқазан жарасына, қатерлі ісікке және ерлерде жыныстық әлсіздікке себеп болады. Ата-аналар, үлкендер жастарға, араққа әуестенушілерге оның зиянын түсіндіріп, ешқандай қызығарлық тұсы жоқ екендігін мейлінше жеткізуге тырысуымыз керек.