Untitled Document

Сұхбат ... Күнәһар мен кәпір бір емес.

Күнә істер нәпсіге ұнайды. Иманды кісі нәпсісіне алданып, күнә істеуі мүмкін. Бірақ, күнә істеген кезде ақылы мен иманы оны қинайды. Адам ақылымен иман келтіреді. Нәпсісіне ұнағандықтан күнә істерге бет бұрады. Сол себептен иман мен нәпсіге берілудің екі басқа нәрселер екендігі байқалады.

Істегі, амалдағы қателіктер, бұзықтықтар адамды діннен шығармайды. Күнә екендігіне сенбей немесе мән бермей істейтін болса, онда күпірлік болады, діннен шығады. “Зуннар” деген поптың белдігін қолдану немесе пұттарға табыну сияқты кәпірлерге тән, күпірліктің белгісі болып табылатын іс жүректегі иманды кетіретін іс деп қабылданады.

Аллаһу та’аланың бар және бір екенін және пайғамбары арқылы көрсеткен үкімдерін қабылдаған мұсылман осы үкімдерге мойынсұнуда кемшілік жасаса, оған әрине ренжиді. Аллаһ пен пайғамбарды мойындамайтын және жасаған жақсы істерін Аллаһтың бұйрығы болғандықтан емес, басқа себеппен жасаған адам Аллаһтың құлы болуды да қабылдамайды. Бұл екеуіне Аллаһу та’ала әрине бірдей қарамайды. Мысалы, бір кісінің екі баласы болады. Бірі оқымайды, жұмыс істемейді, ешкімге пайдасы жоқ. Бірақ, әкесінің қасында әдеп сақтайды, қателерін, айыптарын ойлап, өкінеді. Әкесі осы баласының қайғысын шегеді.

Екінші баласы еңбекқор, көзі ашық, елге пайдалы істермен айналысады. Бірақ, бір күні әкесіне қарсы келіп, «Сен кімсің сонша? Сені танымаймын» деп, ауыр сөздер айтады. Сол сәтте барлық жасаған жақсылығы жоғалады. Әкесі оны қуып жібереді. Оның жалынып, кешірім сұраудан басқа амалы қалмайды. Міне, күнәһар мұсылман мен кәпір осы екі балаға ұқсайды.

Мұсылмандыққа сенетін және оны жақсы көретін адамды кемшіліктеріне байланысты мұсылмандықтан шығаруға болмайды. Имандылық дегені - мұсылмандықты қабылдау және барлық үкімдерге мойынсұнуда кемшілік жасаса да, құрмет көрсету болғандықтан мұсылмандықтың негізі деп саналады. Амал (әрекет) иманның бір бөлшегі болғанда, күнә істеген әрбір адам кәпір болар еді. Әлемде мұсылман қалмас еді.