Бүгін... Республика күні
1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Қазір бұл күн мемлекеттік масштабта атап өтіліп, мереке ретінде тойланады. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.
Күлімдейік... ім кінәлі
Сапасыз тұрғызылып құлаған тұрғын үйдің мән-жайын, құлау себебі мен кінәліні анықтау үшін соқ құрылады. Әдеттегідей кінәліні табу қиынға соғады. Содан сотқа бірінші кірпіш шақырылып, сұраққа алынады: «Сен кінәлісің, сен сапасыз болғандықтан үй құлады» дейді. Кірпіш: «Жоқ, мен кінәлі емеспін, мен өз қызметімді дұрыс атқардым, құмнан немесе цементтен сұраңыз бәлкім солар кінәлі шығар» дейді. Сонан соң құм сұраққа алынады: «Сен кінәлісің, сенің кесіріңнен үй құлап қалды» делінеді. Құм: «Жоқ, мен кінәлі емеспін, мен де өз қызметімді аздап болса да атқардым, сіз цементтен сұраңыз мән-жайды» дейді. Кейін цементті шақыртып, сұраққа алады: «Үйдің құлағанына сен кінәлі екенсің, мойында» дейді. Сонда цемент: «Жоқ, мен кінәлі емеспін, менің қатысым жоқ, мен ол жерде мүлдем болған емеспін» деген екен.