Untitled Document

Ғұламалар... Юсуф Хамадани

Юсуф Хамадани хазреттері Силсилә-и алийа деп аталатын ғұламалар шежіресінің сегізіншісі. Хижри 440 (м.1049) жылы Хамаданда туылып, 535 (м.1141) жылы Гератта қайтыс болды. Қабірі Мәрв қаласында. Фиқһ ғалымы еді, хадис ілімін де жетік меңгерді. Тасаууфты Әбу Әли Фармади хазреттерінен үйреніп, оның сұхбатында жетіліп, кәмілдікке жетті. Алпыс жылдан астам уақыт адамдарға ақ-қараны үйретіп, жол көрсетті. Жүздеген шәкірттері бар еді. Абдуллаһ Берки, Қожа Ахмед Яссауи және Абдулхалиқ Ғонждувани сияқты үлкен әулиелерді жетілдірді. Оның “Зинат-ул-хаят”, “Маназил-ус-саирин” және “Маназил-ус-саликин” деген кітаптары танымал. Бір жағынан дұрыс діни білімдерді үйретуге тырысып, адамдарға жол сілтеуден, оларды жетілдіруге тырысудан еш мойымайтын еді. Басқа жағынан ауруларға, жараларға дәрі жасап, адамдардың дерттеріне дауа табуға тырысатын еді. Осылайша тәндік ауруларға да және рухани ауруларға да ем-шара жасап, өмірін адамдардың қызметіне арнаған дара тұлға болған. “Умдат-ул-мақамат” кітабында ол туралы: «Жаяу отыз жеті рет қажылыққа барды. Құран кәрімді мыңдаған рет басынан соңына дейін оқып шықты. Түнгі намаздарында әр рәкатта бір жүз (пара, бөлім) оқитын. Тәфсир, хадис, кәлам және фиқһтан 700 жүздік мәліметті жатқа білетін. Екі жүз он үш мүршиди кәмилден сабақ алды. Жеті мың кәпірдің иман келтіруіне себеп болды. Қызырмен көп сұхбаттасты. Имам Ағзам Әбу Ханифаның тегінен шыққан» делінген. Хазреті Юсуф Хамаданиден “Ислам ғалымдары азайып, кәміл ұстаз таба алмаған заманда не істеу керек?” деп сұрағандарға “Ондай кезде күнде олардың кітаптарын оқып тұрыңдар” деп жауап беретін.