Мақала... Профессор Эрнест Ренан
Француз философы Эрнест Ренан 1239 [м.1823] жылы Францияның Трегие қаласында туылған. Бес жасында əкесінен айрылды. Анасы оның дін адамы болуын қалағандықтан, туылған ауданының шіркеу колледжіне түсірді. Осы жерде терең діни білім алды. Шығыс тілдеріне үлкен қызығушылық танытқандықтан, араб, ибрани жəне сирия тілдерін үйренді. Содан соң университетке түсіп, философия саласында білім алды. Білімі артқан сайын және неміс филисофиясы мен шығыс əдебиетін мұқият зерттеген сайын христиан дінінде көптеген нұқсандардың бар екендігін байқады. 1848 жылы 25 жасында университетті бітірген кезінде христиан дініне толығымен қарсылық білдіріп, өз ойларын «Білімнің болашағы» атты кітапта жинақтады. Алайда, қарсылық білдіру сипатындағы бұл кітабын басып шығаруға ешбір баспахананың батылы жетпей, бұл кітап тек 42 жылдан кейін ғана 1890 жылы басылды.
Ренан бәрінен бұрын Иса алейһиссаламның Аллаһтың баласы емес екендігін айтатын еді. Ол Версаль университетінде философия ғылымының профессоры болып тағайындалған кезде осы пікірін аз-аздап түсіндіре бастады. Бірақ ең үлкен қарсылығын «College de France»-де ибрани тілінің профессоры болып тағайындалған кезінде көрсетті. Алғашқы сабағында-ақ: «Иса алейһиссалам құрметті және өзге адамдардан әлдеқайда үстем болған тұлға еді. Алайда, ол ешқашан да Аллаһтың баласы болған емес» деп айтуға батылы жетті. Оның бұл сөзі бомба сияқты әсер етті. Поптан бастап барлық католиктер қарсы тұрды. Поп Ренанды бүкіл халық алдында ресми түрде шіркеуден қуды. Франция үкіметі оны қызметінен босатуға мəжбүр болды. Бірақ, Ренанның бұл сөздері бүкіл әлемге үлкен жаңғырық болды. Оған өте көп жақтастар табылды. Франция Академиясы оны мүшелікке (1878 ж.) қабылдады. Франция үкіметі де Ренанды қайтадан қызметке шақырып, оны «College de France»-ға басшы етіп тағайындады.