Сұхбат... Сәкаратул мәут халі (2)
Абдулһаким Аруаси хазреттері: «Иман шамға ұқсайды, дініміздің әмірлері мен тыйымдары шамның шишасына (лампасына) ұқсайды. Шам шишасымен бірге Ислам. Шишасыз шам тез сөнеді» деген екен. Яғни лампасы болмаса сәл ғана жел тұрса шам сөніп қалады. Лампасы бар болса, қандай дауыл тұрса да оңайшылықпен сөнбейді. Демек лампа мысалындағы секілді, ғибадаттарымыз иман нұрының қорғаушысы, күшейтушісі. Соңғы демде иманмен жан тапсыра алуымыздың себепшісі.
Соңғы демін иманмен тапсырған адам, яғни иманмен жан тапсырған адам ең жақсы өлімге қауышты деген сөз. Ғалымдарымыз адамның жан тапсырар алдындағы халін, яғни «сәкаратул мәут» деп аталатын халін түске ұқсатқан екен. Адам өмірінде немен көп айналысқан болса, не нәрсеге көбірек мән берген болса, неге көңіл байлаған болса түсінде соны көреді. Мысалы оқушы түсінде қалам, дәптер көруі мүмкін. Дәрігер бізге қарағанда көбірек науқастар, дәрілер көруі мүмкін. Саудагер өзге адамдарға қарағанда көбірек ақша, тауар айналымын көруі мүмкін. Демек адам баласы өмірінде не нәрсеге көбірек мән беретін болса, не нәрсені көбірек ойлайтын болса, соны түсінде көргені сияқты, жан тапсырар кезінде көз алдына ойына сол нәрсе келеді. Демек ғибадатын орындап, күнәлардын сақтанып өмір сүрген адамның «сәкарати мәут» халінде көз алдына ғибадаттары, кәлималары келіп, соңғы демінде иманмен жан тапсыруына себепші болады. Ғалымдарымыздың дүниеліктің, ақшаның орны қалта болсын, жүрек болмасын деп айтуларының да хикметінің бірі осы болса керек.