Сұхбат... Сәкаратул мәут халі (1)
Француздық математик, профессор Пуанкаре Анридің соңғы күнінде зияратына келген досына, өте абыржулы отырған Пуанкаренің әйелі: «Бүгін жағдайы өте нашарлап кетті. Есін жоғалтты, тіпті мені де танымайды, сөйлеуден де қалды» дейді. Сонда досы, мен оны қазір тілге келтіремін деп Пуанкареге қарап: «Он екінің квадраты қанша?» деп сұрайды. Сонда Профессор Пуанкаре: «144, 144, 144» деп үш рет қайталаған екен.
Медицинада «агони» деп аталатын бұл «сәкаратул мәут» халінде (жан алқымға келер сәтте) адам ес-түсін де, санасын да жоғалтады екен. Қажетті кейбір дене функциялары (қан айналым, тыныс алу) қиын орындалады. Бұл сәтте тек жүректе орын алған махаббат пен дағды қалады. Бүкіл өмірі, бүкіл дерті болған математикалық есептер Пуанкаренің жүрегіне орнығып, сіңіп кеткені соншалық сәкарати мәут халінде, яғни ақыл, сана жойылған сәтте де жүрегіне сіңген ісі жойылмаған еді. Агони халінде адам қалай сөйлей алады деген сұраққа психолог мамандар былай деп жауап береді: «Мұндай халдегі адамдар үшін кейбір мәліметтер ақыл мәселесі болудан қалады. Бұл жүрек мәселесіне айналады. Әрбір адамның қол жеткізгісі келетін, қауышқысы келетін масаты болады. Адамның қол жеткізу үшін бүкіл қабілетін сарп етіп болса да қауышқысы келетін нәрсесі, қалауы жүрегінде орын алады.»
Бір студенттер жатақханасының тәрбиешісі болып жұмыс істеген бір кісі сәкарати мәут халінде: «Жарықты сөндіріңдер, электр санауышы айналмасын» деген екен. Адамдар жан тапсырарда естерінде жаттанды нәрсені емес, жүрегінде орын алған нәрсені айтады екен. Өмірде не нәрсеге көңіл байлаған болса, өлерде соны тілге алады. (Жалғасы ертең...)