Untitled Document

Ғибрат... Қажылық құштарлығы

Мұхаммед Ұфтада хазреттері Кануни Сұлтан Сүлейман заманында, Бурсада  өмір сүрген үлкен әулиелерден еді. Бұл мүбәрәк кісіні жақсы көретін және шәкірті саналатын бір кісі әр жылы қажылыққа барғысы келетін, бірақ жеткілікті ақшасы болмағандықтан жылда бара алмай қалатын. Өкініштен жүзі бозарып жүретін, оған қарап әйелі де мұңаятын. Бір күні бұл кісі байқаусызда «бәйбіше осы жылы қажылыққа бара алмасам, талақсың» деп айтып жібереді. Күндер өтіп құрбан айт та жақын қалған болатын. Әлгі кісі уайымнан өзін қоярға жер таппай жүреді. Мұхаммед Ұфтада хазеттеріне барып жағдайды түсіндіреді. Ұфтада хазреттері оны тыңдады да оған «Бұл жағдайыңа Мехмет ата көмектесер, соған бар» дейді. Бұл кісі қуанғанынан Мехмет атаға барады. Мехмет ата оны мұқият тыңдады да, алда бір отбасының тағдыры тұрғандықтан, керемет көрсетуге мәжбүр болды. Көзіңді жұм, аш демейінше ашпа деді. Көзін ашқанында Меккеде жүргендерін аңғарды. Ол жақта Бурсалық қажылар мен кездеседі. Қажылықтарын атқарып, кейін бір мезетте Бурсаға қайтып келеді. Әйелі күйеуін көргенінде: «Сен талақ бердің емес пе, енді қай бетіңмен келдің?!» деп жазғырады. Күйеуі: «Мен қажылықтан келдім, міне Меккеден кішігірім сыйлықтар әкелдім» дейді. Әйелі әрине оған сенбейді: «Ұялмастан өтірік айтып тұрмысың, сені қазыға шағымданамын» деп қазыға болған жағдайды айтады. Қазы әлгі әйелдің күйеуін де шақыртып тыңдайды. Кедей кісі қажылыққа барғандығын, Қағбаны тауаф еткендігін, ол жақта Бурсалық қажылармен де кездескендігін айтады. Куәгер ретінде Мехмет атаны көрсетеді. Мехмет ата қазыға: «Ей қазы мырза! Шайтан Аллаһу та’аланың дұшпаны болғанымен бір мезетте дүниенің арғы ұшынан, бергі ұшына барып келе алады да, Аллаһтың адамы бір мезетте Қағбаға бара алмай ма?!» Қазы мұндай жауапқа таң қалды, алайда соңғы шешімді Бурсалық қажылардың келетін күніне қалдырды. Бірнеше күннен кейін қажылар келіп әлгі кісінің сөздерін растап, осылайша некелері аман қалды.