Untitled Document

Әдеп-ахлақ... Ғайбаттың зияндары

1) Ғайбаттан құтылу үшін ғайбаттың зияндарын ойлау керек! Ғайбат етумен сауаптарының кететінін, тіпті ғайбаттаған адамының күнәлары да өзіне жүктелетінін білу керек! Хадис шәрифте былай бұйырылды: «Қияметте сауап дәптері ашылған адам, “дүниеде болған кезде мынадай ғибадаттарды жасаған едім, мұнда жазылмапты” дейді. “Олар өшіріліп ғайбаттаған адамыңның дәптеріне жазылды” делінеді.» (Исфахани)

2) Ғайбат дүниеде де атыңа кір келтіреді! Өсекші деген атқа қалдырады. Хадис шәрифте былай делінеді: «Ғайбат еткен адамды тыңдаған адам да бұл күнәға ортақ болады» (Табарани)

3) Бір адам басқа бір адамға ренжісе оны жамандауға тырысады, оны ғайбат етеді. Ал біреуге ренжігені үшін өзін тозаққа тастаудың ақымақтық екенін білетін адам ғайбат етпейді.

4) Кейде адамдарды күлдіру үшін де ғайбат айтылып жатады. Адамдарды күлдіру үшін Аллаһтың ашуына ұшырауды қалау ақымақтық.

5) Ғайбат ететін адам, мақтануды, адамдардың өзі туралы айтып жүрулерін қалайды. Ол үшін әр түрлі әдістерді қолданады. Мәселен “пәленше өте нашар тұрады” деп айтады. Бұл сөзімен “менің тұрмыс жағдайым жақсы” дегенді айтпақшы. Өзінің жомарт екендігін білдіру үшін “пәленше өте сараң адам” дейді. Егер тыңдаушы ақылды болса, өзін бұлай мақтаған адамға еш мән бермейді. 

6) Өзгелерді ғайбаттап кемшілік іздейтін адам өз кемшіліктерін көре алмайды. Ал өзінің кемшіліктерімен әуре болған адам басқалардың кемшілігін көре алмайды. Бұдан өзгеден кемшілік іздеп, жамандап жүрген адам, өзінің кемшілігін көре алмайтын надан, ақымақ екендігін аңғарамыз.

7) Ішітарлар (көре алмаушылар) дәулетті, лауазымды адамдарды жамандайды. «Бастық болдым деп кісі болып қалыпты» дейді. Бұлай айтумен ғайбатталған адамның малы да азаймайды, лауазымынан да түсіп қалмайды. Ғайбат ету күнәсына булыққандықтан сауаптарын жақсы көрмейтін адамына берген болады.