Untitled Document

Сұхбат... Мазһабсыздардың адасушылығы (3)

Дүние жұмыстарының өзінде ол жұмыстың маманы болмаған адам іске кіріссе жетістікке жете алмайды. Мысалы “Көлік жүргізе алмайтын адам жүргізуші болсын” деп айту дұрыс па? ”Барлық адам көзге операция жасасын” деп айту не деген сандырақ. ”Барлық адам хадис кітаптарын оқу керек, хадистен әркім өзі үкім шығаруы керек, Құраннан оқып әркім өзі үкім шығару керек” деп айту – бәрінен де қауіпті. Машина жүргізе алмайтын адам апатқа ұшырауы мүмкін және өлім құшуы мүмкін. Ал хадисті, Құранды түсінбейтін адам бұларды оқып амал етемін деп жүргенде діннен шығады.

Тек Құранмен жүремін деп әр адам өз түсінігімен бұрмалайтын болса, қанша адам болса, сонша дін, сонша секта пайда болады. Бұларға қолдау көрсететін дін дұшпандарының мақсаты да осы, Ислам дінін бұзу, мұсылмандар арасына іріткі салу. Сондықтан ондай адасқандардан аулақ болу керек. 

Діннен үкім шығара алу үшін мүжтәһид ғұлама болу керек. Хижри 400 жылдардан кейін мутлақ мүжтәһид жетілмегені туралы және өтірік пен бидғаттар көбейгені көптеген кітаптарда жазулы. Яғни хижри 400 жылдардан кейін өз басымен үкім шығара алатын ғалым жетілмеген. Сондықтан қазіргі таңда әрбір мұсылманның үкім шығаруға ұрынбай, Пайғамбарымыздың дәуіріне жақын өмір сүрген, мутлақ мүжтәһид болған мазһаб имамдарының үкімдерімен жүруі, яғни төрт мазһабтың бірімен жүруі керек. Орталық Азия халықтары 100 пайызға Ханафи мазһабын ұстанады. Яғни біздің елде кітаптары, үкімдері ең көп тараған Ханафи мазһабы. Біз Ханафи мазһабының үкімдеріне мойынсұнуымыз керек.

Мазһабсыздар (уаххаби, сәләфилер) көбінесе дөрекі, тәкаппар, менменшіл келеді. Хақты, насихатты қабылдамайды. Тез ашуланып, кез келген бүлікке, фитнаға дайын тұрады. Мәселенің анық-қанығын білмей тұрып, көрінген нәрсеге бидғат, ширк, күпір деп лай шапқылауды әдеттенеді. Қазіргі таңда мұндай әрекеттер ең көп уаххаби, сәләфилерден шығуда. Фитнаға себеп болуда. Солардың бүліктерінің кесірінен бүкіл мұсылмандар зиянға ұшырауда, қысым көруде. Ондай адамдардан аулақ жүру керек.