Untitled Document

Тарих... Сұлтан Бейбарыс (4)

Бұдан былай Таяу Шығыста аз мерзімге болса да тыныштық орнаған болды. Бірақ осы тыныштықты орнату үшін ат үстінен түспей, майдан шептерінде жүріп, моңғолдарды сан мәрте жеңіліске ұшыратқан Сұлтан Бейбарыс осы соңғы жеңісінен қайтып келе жатып ауырып 1277 жылы шілде айында қайтыс болды. Сұлтан Бейбарыс зеректігі, батырлығы, діндарлығы және Ислам әлеміне сіңген еңбегі тұрғысынан орта ғасырдағы түркі-ислам тарихындағы ең маңызды тұлғалардың бірі. Ғалымдарға, ғылымға ерекше мән беретін. Халықтың ісі әділ болуы үшін қазылардың басына “қазылқузаттар”, яғни қазылардың үстінен қарайтын қазылар тағайындауын ең бірінші ол бастады және Сұлтан Бейбарыстан бастап Мысыр мен Шам қаласында төрт мазһабтан да қазылар тағайындалатын болды. Бұл дәстүр 1804 жылға дейін жалғасын тапты. Фиқхи мәселелерге де қатты мән берген Бейбарыс арақ қолданылуы, сатылуына және зинақорлыққа қатаң түрде тыйым салды. Халықтың мұң-мұқтажын білу үшін қарапайым киіммен қаланы аралап, адамдарды тыңдап соған қарай шарасын қамдайтын. Бір жорыққа бара жатқан жолда атты әскерлерінің бірнешеуі бір шаруаның егістігінің үстімен жүргенін көріп: «Мен мұсылмандарды кәпірлердің зұлымдығынан қорғау үшін жорыққа шығудамын, ал сендер қалайша бір мұсылманға зиян тигізіп жатырсыңдар» деп жазғырып, жазалағаны айтылады. Ең маңыздысы Таяу Шығыста ескі қараңғы күндер артта қалып, ислам байрағы жаңадан, қуатты түрде желбірей бастады. Бұдан былай Бейбарыс Таяу Шығыс тарихы мен тұрмысының жақсаруына себепші болған сұлтан ретінде аты аңыздарда, дастандарда атала бастады.