Бүгін... Экспо 2017 Астана
10 шілдеден бастап 10 қыркүйекке дейін Қазақстанның елордасы Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросымен (ХКБ) ұйымдастырылатын Халықаралық «Экспо 2017 Астана» көрмесі өтеді. 2017 жылы елорданың 20 жылдық мерей тойына орай көрмеге қатысу үшін әлемнің 100 мемлекетінен 5 миллионға жуық адам келеді деп күтілуде. Экспо 2017 иесі 2012 жылдың 22 қарашасында Францияның астанасы Париж қаласында ХКБ-нің EXPO халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында белгілі болды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Астана үшін ХКБ-ның 103 мүше-мелмекеті дауыс беріп, ал Бельгиялық Льеж қаласы 44 дауыс жинады.
1997 жылдан бастап Қазақстан ХКБ-на мүше ел болып табылады. Мемлекетіміз EXPO Көрмелеріне 2005 жылдан бастап белсене қатыса бастады.
Қазақстанның таңдаған тақырыбы бүгінгі күні адамзатты айрықша алаңдатып отырған «Болашақ энергиясына» арналады. Аталған тақырып қазіргі кезде адамзат үшін өзекті мәселеге айналып бара жатқан энергия сақтау проблемасын және альтернативті энергия, яғни күн энергиясы, жел, теңіз, мұхит және термалды су энергия көздерін енгізу тәсілдерін ашып көрсетуге мүмкіндік берері сөзсіз.
Қазіргі жаһандық күн тәртібінде энергетикалық қауіпсіздік мәселесі, оның ішінде қуатты үнемдеу мен баламалы жаңартылатын қуат көздерін дамыту мәселесі өте өткір қойылуда. Мұхиттардағы мұнай апаттары, Атом Электр Стансаларындағы алапаттар да Жер Шарының экологиялық тепе-теңдігін сақтауда баламалы қуат көздерін табуды және дамытуды кезек күттірмейтін маңызды проблемалар деңгейіне шығарып отырғаны рас. Сондықтан да, Астана ұсынып отырған «Болашақ энергиясы» атты мәселе жаһандық экономика үшін де, әлемдік ғылым үшін де өткір басымдыққа ие болатын тақырып екені даусыз. Екінші жағынан, Қазақстан ЕХРО арқылы елімізде Халықаралық баламалы энергетика орталығын ашу мәселесін де ойластыратыны айтылған.