Мақала... Бөлінгенді бөрі жейді (2)
Жапон халықтарында «Әр оқыған нәрсеңе сене беретін болсаң, одан да оқымағаның жақсы» деген мақал бар. Шынында да әр оқыған, естіген немесе бейнероликтен көрген нәрсеге сену дегеніміз теледидар, интернет арқылы ойын жүргізіп жатқанардың ойыншығына айналу деген сөз. “Кез келген нәрсе нәтижесімен өлшенеді” деген даналық сөз бар. Қаншама елдерден көріп жүргеніміздей бүлік шыққан елдердің қан төгіс, құлдырау, тарих сахнасынан жойылып кетуі секілді нәтижелермен аяқталып жатқандығы мәлім. Сондықтан кез келген істе эмоцияға, сезімге, яғни қызбалыққа салынып емес, ақылмен, байсалдылықпен пікірлеу керек. Нәтижеде не болатынын ойлау керек. Уатсаптан хаттар келіп жатыр екен деп шеруге шығып, жағдайды дүрліктіре бермеу керек. Жаңалықтардан көргеніміздей орталық алаңның маңына жасырылған арматуралар және бөтелкеге дайындалған жанғыш сұйықтықтар мұның ешқандай бейбіт шеру емес, дұшпандардың әдейі қастандық ойлап ұйымдастырған жоспары екендігін көруге болады. Отанының шынайы патриоты болатын адам білім алып жоғары лауазымдарға көтеріліп елінің көркеюіне жағдай жасауға, кәсіп ашып адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге, қолынан келгенше елінің гүлденуіне тырысатын адам. Жалқаулыққа, маскүнемдікке салынып үйде жататын, тұрмыстық қиыншылықтарға тап болғанда кінәні жоғарыдан іздейтін, әртүрлі өсектерге сеніп елін құлатуға тырысатын адам патриот та емес, ақылды да емес. Бүлік шығып әлі күнге дейін өзіне келе алмай жатқан Украина, Сирия сыңды елдерде шеруге шыққандар да бастапқыда зиянсыз, бейбіт шеру деп ойлаған. Салдарынан шыққан қантөгістер күннен күнге күшеймесе, бәсеңдей қойған жоқ. Халықтары босқынның күйін кешіп, елінен қашуға мәжбүр болуда. Барған жерлерінде де көріп жатқан азаптары жантүршігерлік жағдайда. (Жалғасы ертең...)