Untitled Document

Мақала... Бөлінгенді бөрі жейді (1)

Адамдар қоғам халінде өмір сүруге мәжбүр. Қоғамдағы әрбір адам өзгелердің ақыларына мән беруі, адамгершілік қасиеттердің сыртына шықпауы тиіс. Қоғамды құрайтын адамдардың қарым қатынасы жақсы болса, әдептен аспаса, бір-біріне мейірімді болса ол жерде тыныштық, бейбітшілік, жақсы, бақытты өмір орнайды. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Қоғамда (жамағатта) бірлік пен ынтымақтықта рахмет (мейірім) бар, бөлінушілікте болса Илаһи азап бар.» (Бәйһақи) 

«Екі адам бір адамнан жақсы, үш адам екі адамнан жақсы, олай болса бірлік ішінде болыңдар!» (Асакир) 

Әрбір адам қоғам ішіндегі бірліктің бұзылмауына, әрдайым татулық болуына ат салысуы керек. Ал керісінше әртүрлі өсектер арқылы алауыздық шықса, араға іріткі салынып, адамдар арасында бір-біріне дұшпандық пайда болса ол жерде фитна (бүлік) шықты деген сөз. Қоғам ішінде фитна шыққанда елдің бірлігінің бұзылуына, келеңсіздіктерге, ең соңында елдіктің құлдырауына себеп болады. Сондықтан Құран кәрімде «Фитна – адам өлтіруден де жаман» делінген (Бақара 191). Хадис шәрифте «Фитна ұйқыда, оны оятқан адамды Аллаһ лағнет етсін!» делінді (Бәриқа).

Мұндай фитналардың кесірін, зардабын көптеген адамдар, көптеген елдер тартуда. Тарих бойынша империялист күштер басқа елдерді оңай жаулау үшін немесе күшейіп кетпеуі үшін халқының ішіне іріткі салып отырған. Қазіргі заманымызда мұның ең ауқымды жолы ақпараттық құралдар, әлеуметтік желілер арқылы іске асуда. Ұлттар арасына дұшпандық салу, үкіметке қарсы пікірлер тарату, бейне ролик, сурет және жазбалар тарату секілді жолдармен бүлік шығаруға, қоғам ішіндегі халықтарды бөлуге тырысуда. (Жалғасы ертең...)