Рамазан сұхбаты... Оразаның құны – фидйа
Өте кәрі немесе ауру болғандықтан өмірінің соңына дейін ораза тұта алмайтын кісілер рамазанда ораза тұтпайды, егер бай болса, фидйа береді. Хадис шәрифте былай делінген: «Ораза тұта алмайтындай қарт немесе жазылу үміті болмаған аурулар фидйа береді.» [Нәсаи]
Фидйа – ораза тұта алмайтын дәрежеде қарт немесе жазылмайтын ауруға шалдыққан науқастың әрбір күндік оразасының орнына кедейлерге төлейтін ақысы. Егер өзі кедей болса, фидйа бермейді, орнына дұға етеді. Фидйа үшін бір күндік ораза орнына бір пітір мөлшері ұн беріледі. Бір пітір мөлшері ұн – 1750 гр. Бір айлық оразаның орнына 53 кг ұн беру яки осының құнына тең алтынды бір немесе бірнеше кедейге Рамазанның басында не аяғында беру керек. Фидйаны алған кедей оны өзіне де басқаға да жұмсай алады. Фидйа бергеннен кейін ораза тұта алатын денсаулыққа қауышқан науқас тұтпаған оразаларының қазасын тұтып береді. (Наһр-ул-фаиқ)
Ауру, кәрілік сияқты бір себеппен рамазан оразасын тұта алмаған бай кісілердің бұл жағдайлары өмірбақи жалғасатын болса, кедейлерге ас берілуін өсиет етеді. Мұрагері осы өсиет бойынша оның тұта алмаған әр бір күндік оразасы үшін кедейге фидйа береді.
Рамазан сұхбаты... Оразаның қасиеттерінен
Аллаһу та’ала рамазан айында күндіздері ораза тұтуды әмір еткен. Аллаһу та’ала бұл әмірді себепсіз бермеген. Оразаның адамдарға әрі материалдық, әрі рухани пайдалары бар. Бүкіл бір жыл бойы түрлі тағамдарды қорыту үшін шаршаған адамның асқазаны және аш, тоқ ішектер жылына бір рет демалып саулығын қорғаған болады. Бұл материалдық пайдасы. Рухани пайдасы мынау: Ораза тұтқан адам аш қалған адамның тарттқан қиыншылықтарын тікелей өзі сезініп, кедей адамдарға көмектесу қажеттілігін түсінеді. Бұл да адамдардың бір-біріне көмекші болуларына себеп болады. Ал бір-бірлеріне көмектесетін қоғамның ішінде қақтығыстар, келеңсіз жағдайлар болмайды. Бұдан басқа Аллаһу та’аланың әмірін орындау үшін күндіздері бір ай ораза тұтқан мұсылман, Аллаһу та’аланың басқа әмірлерін де орындауға дағдыланады.