Денсаулық... Көз линзасымен ұйықтау қауіпті ме?
Көз линзасын тағатындар оны тағып ұйықтауға болмайтыны жайлы жиі естиді. Алайда кейде оны шешпей ұйықтайтын жағдайлар болады. Немесе досыңыздың үйінде түнеп қалатын жағдай болды делік, онда линзаға арналған контейнер мен сұйықтығы бола бермейді, ал кейде ұйықтап кетеміз. Бір қарағанда қауіп те жоқ сияқты, алайда қараша айында Huffingtonpost басылымы линзамен ұйықтап қалған ер адамның соқыр болып қалғаны жайлы жаңалық таратты. Көздің мүйізгек қабығының оттегіні ауадан ғана алатыны белгілі. Линзаны таққаныңызда оттегі көзіңізге түспейді әрі оттегі азайып кетеді. Лос-Анджелесте тұратын медицина ғылымдарының докторы, хирург-офтальмолог Кэрри Ассильдің (Assil Eye Institute институтынан) айтуынша, линзамен ұйықтағаныңызда оттегінің жетіспеушілігі қатерлі деңгейге дейін жетуі мүмкін. Оттегінің жетіспеушілігі салдарынан көздің мүйізгек қабығы ісінеді, бұл өз кезегінде эрозияға ұшыратады. Ал эрозия, америкалық офтальмология академиясының ғалымы, медицина ғылымдарының докторы Томас Штайнеманның (Thomas Steinemann) айтуынша, бактериялардың еніп кету қатерін жеті есеге ұлғайтады. Көздің өзге ағза мүшелеріндегідей иммунитетінің жоқтығынан инфекция өте жылдам тарайды. Доктор Ассильдің айтуынша қаншалықты линзамен көп ұйықтасаңыз, соншалықты қатерге бас тігесіз. Көз саулығы үшін ұйықтар алдында линзаны шешуге 30 секундыңызды қиыңыз. Немесе күндіз-түні тағып жүре беруге болатын линзалар да бар көрінеді.
Ал егер белгілі бір жағдайлармен линзамен ұйықтап қалсаңыз (ұшақ ішінде, ойда жоқта ұйықтап кету) ұйықтар алдында көзіңізге дымқылдатқыш тамшыларын тамызыңыз, ал ұйқыдан кейін де тағы тамызыңыз. Тамшыны тамызудан бұрын линзаны шешіп тастаудан аулақ болыңыз, себебі онсыз да бүлінген көзіңіздің қабығын зақымдауыңыз мүмкін.