Отбасы... Ел боламын десең бесігіңді түзе
Ақпарат құралдарындағы деректер бойынша 2015 жылы кәмелетке толмаған 2500 қызбала жүктілікке ұрынған екен. Олардың ең жасы 12-де болған. Мұның салдарында өзіне қол жұмсағандары немесе босанып баласын әжетханаға немесе т.б. лақтырып кетіп жатқандарын да естіп, көріп жүрміз. Бұрындары мұндайды Батыс елдерінде, Еуропа елдерінде осындай екені айтылатын еді, енді сол қауіп өзімізге де төніп тұр. Еуропа елдері қандай азғындық, арсыздық бар болса бәрін жасады, жыныстық еркіндік деді, барлық озбырлықтарға жол берді. Қазір соның зардабын тартып келеді. Қазір Еуропа елдерінде, отбасы ұғымы ұмыт болуға шақ, бала туылуы азаюда, есесіне некесіз қатынастар, некесіз туылған балалар көбеюде. Мәселен арсыздықтың шыңына жеткен Швецияда, зерттеу жүргізген, Laboratory for Clinical Stress Research-тің зерттеуінің нәтижесінде былай делінеді: «Төрт жасар балалардан әр үш баланың біреуі зәрін ұстай алмайды. Әр екі жас-жеткіншектің біреуі ұйқысыздық, әлсіздік секілді келеңсіздіктерден шағымданушы. Әр жылы мыңдаған адам өзіне қол жұмсауда, ал әр мың адамнан 100-нің жүйке ауруларына шалдығуы Швецияны ең бақытсыз адамдардың қатарына шығаруда.» Қазіргі таңда біздің отбасы жағдайымыз батысқа қарағанда тәуір. Бірақ батысқа еліктегіш қоғам, осы қарқынмен кете беретін болса, біздің де басымызға келетіні осы емес пе?!
«Он үшке толған қызыңды біреудің үйіне қондырма, он үшке толған ұлыңды біреудің үйінен тойдырма», «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген мақал бар. Дана ата-бабаларымыз отбасының ел ішіндегі маңыздылығын, соның ішінде бала тәрбиесіне мықты көңіл бөлінуі керектігін айқындап берген. Сондықтан әрбір ата-ана бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамауы, оларды бос жібермеуі, оларды жіті бақылауы тиіс. Әсіресе интернеттен төнетін қауіптер және теледидар көрсетілімдерінен, яғни тәрбиені бұзатын шетелдік фильмдерге қатысты мұқият болу керек.