Untitled Document

Сұхбат... Садақаны жасырын беру керек пе? (1)

Сұрақ: Кедейді ренжітпеу, жұрттың көзінше оны ыңғайсыз жағдайға түсірмеу үшін садақаны басқалардан жасырып берген жақсы ма, әлде өзгелер де берсін, көмектессін деген оймен елге көрсетіп ашық берілгені жақсы ма?

Жауап: Садақаны, көмектерді кейде жағдайға байланысты (мәселен өзгелерді ынталандыру ниетімен) ашық беру керек болса да, жалпылама көбінесе жасырын беру жақсырақ болады. Құран кәрімде былай делінген: «Садақаны ашық берсеңдер жақсы болады, жасырын берсеңдер өздерің үшін хайырлырақ болады.» (Бақара 271)

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Қияметте, басқа пана табылмаған күнде Аллаһу та'аланың панасындағы жеті адамның бірі – берген садақасын жасырған, оң қолының бергенінен сол қолының хабары болмаған адам.» (Бұхари)

«Жасырын (садақа, жақсылық және ғибадаттар) ашық жасалғаннан абзалырақ. Тек, жақсы бір үлгі болатын болса, ашық жасау жасырыннан абзал болады» (Дәйләми)

«Садақаны жасырын беру – жаннат қазынасынан.» (Хатиб)

«Түнде оқылған намаздың күндіз оқылған намаздан үстемдігі, жасырын берілген садақаның ашық берілген садақадан үстемдігіндей.» (Табарани)

«Құранды ашық оқыған ашық садақа бергендей, жасырын оқыған жасырын садақа бергендей болады.» (Тирмизи)

«Жасырын садақа Раббының ашуын басады.» (Бәйһақи, Табарани, Ибн Асакир)