Отбасы... Жақсы жар таңдау (2)
Бұл әдісті батыстың шырмауына түскен кейбіреулер әдейлеп жамандайтындар бар. Жастардың бір-бірін көруіне жол бермей, келіспей мәжбүрлеп үйлендіреді екен деп те ойлайтындар да аз емес. Ал негізінде бұл олай емес. Екі жақты ата-аналар өздері немесе жеңгетай арқылы сөйлескен соң. Жастарды әрине кездестіреді. Бұл онсыз да дініміздегі сүннет амал. Үйлену мақсатындағы жастар қылует болмайтындай жерде (адамдардың көзінен таса болмайтын жерде) кездесуіне, сөйлесуіне болады. «Көрмей тұрып үйленудің арты қайғы мен өкініш» деген хадис шәриф некеден бұрын жастардың көрісуінің маңыздылығын білдіреді.
Ата-ананың пікірін міндетті түрде алу керек, бұл маңызды шешімде олардың да рөлі, үлесі болуы қажет. Ата-анасын тыңдамай, қарсы шығып үйленгендердің опық жеп, кейін өкініп жататыны, ажырасып жататыны көп кездеседі. Үлкендердің өмірлік мол тәжрибелерінен пайдалану керек. Әрине соңғы шешімді жастар береді.
Жалпылама болашақ жарының бойынан діндарлық (ғибадаттарын орындайтын, күнә атаулыдан аулақ жүретін), дені сау болуы яғни жанұялық өмірге көлеңке түсіретін аурулары болмауы және жақсы мінезді болуына мән беру керек. Мінезі нашар, болмашыға ашуланатын, бүргеге ренжіп көрпесін өртейтін адамдардармен тұрмыс қиын болады. Жаман мінездің кесірінен, арақ ішетін, есірткі, құмар ойындарына тәуелділік және т.б. күнәларды әдеттенгендерге үйленіп күйреген немесе бақытсыздық ішінде күн кешіп жатқан қаншама отбасы бар.