Отбасы... Жақсы жар таңдау (1)
Үйленуге шешім қабылдаған жастардың жар таңдауда ата-ана, аға-әпке, ағайын-туыс, көрші, дос-жараң сияқты жақындардың кеңесіне, көмегіне міндетті түрде жүгіну керек. Бұлардың тәжрибелерінен пайдалану керек. Жастардың өз бастарымен жар таңдау жөнінде, оның келешекте қандай жар бола алатынын болжай алу, адам тани алу қабілеттері бәсеңдеу болуы мүмкін. Өйткені көбінесе жастар ақыл, тәжрибеге емес, сезімге сүйеніп әрекет етеді. Ал сезімдер көбінесе адамды жаңылыстырады. Сондай-ақ жастар бір-біріне тек жақсы қырларымен ғана көрінуге тырысады, бір-біріне шынайы бетпердесін аша бермейді. Ал ата-ана немесе ағайындардың пәлен жерде пәлен қыз бар өте діндар, сыпайы, пысық, өте қарапайым деген сияқты кеңестерімен жар таңдау өте жақсы дәстүр. Мұны кей жерлерде “қыз көру” салты, кей жерлерде “жеңгетайлық” деп те жатады. Бұрындары “атастыру” дәстүрі де бар болатын. Бұл да екі жақты бір-бірін жақсы танитын ата-аналардың балалары үшін жақсы жар болатын адамды таңдап беруі еді. Бір-бірін бұрыннан танитын, бұрыннан силасып жүрген адамдар болғандықтан құдалар арасы кикілжің бола бермейді, өзі таңдап бергендіктен келін-ене араздығы болмайды және «құдалардан ұят болады» дегендей сөздермен балаларының ұрыстарының ұзамауын, үлгілі болуын құлақтарына құйып отырады. Отбасы құру, ажырасу істерін зерттеген көп мамандар, мысалы "Бақыттың бұлағы Жанұя" кітаптың авторы Түркиялық Мехмет Оруч мырза осындай әдіспен, яғни үлкендердің кеңесімен үйленгендерде ажырасу мүлде болмайды дерлік өте сирек кездеседі деп мәлімдеген. (Жалғасы ертең...)