Мақала... Жан арпалысы (2)
Біршама уақыттан соң дәл осы жолмен жүрмек болған бір мас кісі де келе жатып әлгі шұңқырға құлап түседі. Не болғанын түсінбеген мас, алаңғасарланып түрегеп шұңқырдан шықпақ болып тырмысады. Кенеттен шыққан тарсылдан зәресі ұшып, бұрышта қорққанынан тілі тұтылып отырған адамды әлгі мас кісі байқамаған болатын. Шұңқырдан шығуға қаншама талпынғанымен онысынан ештеңе шықпайды. Мастың секіріп, тырмысып жатқанын біршама бақылап отырған баяғы кісі орнынан тұрып, мастың арқасынан келіп иығына қолын қояды да: «Босқа әуре болма, шыға алмайсың» дейді. Бұдан кейін не болғанын жобалап та отырған боларсыздар. Әлгі мас қорққанынан секіргені сол, шұңқырдан ытқып шығып қаша жөнеледі. Тіпті бір орнында тұрып биікке секіруден рекордты жаңартқанын айтса артық етпес.
Жан арпалысы болмаса да, қабілетін шыңдап жоғарыға сәл көбірек құлшыныс жасалса ешкімнің шыға алмайтын шыңы, бағындыра алмайтын белесі қалмайтынына осы оқиға жақсы мысал болса керек...
Күлімдейік... Ғимарат
Астанада бір таксист әуежайдан америкалықты күтіп алады. Жолда Астана қаласында соғылып жатқан ғимараттар жайлы сөз қозғағысы келеді. Таксист: «Мынаны қара! Небәрі 5 жыл ішінде салыныпты», - дейді. Оған америкалық: «Біз мұндайды 3 жылда саламыз», - дейді. Келесі күні ол жапонға жолығады: «Ана көріп тұрған сарайды көрдің бе? Біз оны 3 жылда салып бітірдік» - дейді. Жапон: «Біздікілер оны 1 жылға жетер-жетпес уақытта тұрғызып тастар еді», - дейді. Үшінші күні таксист жолда қытайды отырғызып алады. Қытай: «Анау биік зәулім ғимарат не?» - деп сұраса, таксист: «Білмедім. Жаңа өтіп бара жатқанымда жоқ болатын», - деген екен.