Untitled Document

Ғылым... Жаңа мәліметті еске сақтаудың үздік әдісі

Түн, үй жаттығуын орындау және күш беретін сусын – осындай салауатсыз көрініс бәріміздің басымыздан өткен шығар. Мектеп қабырғасында, университет немесе жұмысымызда осындай жағдайларға көбіміз тап болғанбыз. Қысқа уақыт ішінде көп көлемде мәліметті еске сақтауыңыз қажет болған кезіңізді еске түсіріңіз. Мұндай жағдайда әрқайсымыз бір оқулықты басымызда ең болмағанда негізгі мәліметі қалсын деп қайталап оқи беретін едік. Оқудың мұндай түрі тез шаршатып жібереді әрі жалықтырады. Ғалымдар мидың ерекшеліктерін есепке алатын, интервалды қайталау әдісін ойлап тауып, бізге ұсынып отыр. Мұны әдістердің үздігі деуге болады және сізге жаңа тілді меңгеруге, емтиханға дайындалуға көмектесе алады.

Интервалды қайталау әдісі мына түрде болмақ: мәліметті тең бөліктерге бөліңіз, әрбірін сұрақ және жауап түрінде қағазға жазып қойыңыз, кейін оларды тақырып секцияларына бөліңіз. Егер сұраққа дұрыс жауап берсеңіз, онда сіз қағаздағы мәліметті жаттап алдыңыз деген сөз, оны шетке қойыңыз. Мұндай қағаздарды сіз сирек қарайтын боласыз. Егер қағаздағы сұраққа жауап беру қиындай бастаса, оларды жиі қарайтын қағаздардың қатарына қосасыз. 

Мидың өзі маңызды деп тапқан мәліметті еске сақтап қалатынын білеміз. Ол өте жиі кездесетін оқиғалар мен заттар жайлы мәліметті қуатты ете түседі. Мәліметті жиі қарап отырудың негізіндегі интервал әдісі мидың осы жұмыс ұстанымын қолданады. Интервал қайталаулар – өте қарапайым, бірақ тиімді әсер ететін әдіс. Ол біздің мәліметті қайта-қайта қайталап, жаттауымызға мәжбүр етеді, ақылымызды бейне бір бұлшық етті шынықтырғандай жаттықтырады. Ми осы стимулдардың әсерін алып, жүйке жасушаларының арасындағы байланыстарды күшейтеді.