Untitled Document

Аз ұйықтау ниғметі

Сұрақ: Көп ұйықтаудың зиянды, ал аз ұйықтаудың пайдалы екенін айтып жатады. Осы жайында мәлімет бересіз бе?

Жауап: Көптеген еңбектер жазған ғалымдардың өміріне қарасақ, аз ұйықтап, көп еңбектенгені аңғарылады. Тек қажеттілік мөлшерде ғана ұйықтау керек! Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Аллаһ сүйіспеншілігінің белгілерінен бірі – аз ұйықтау. Түнде өте аз, күндіз көп ұйықтау ауруға себеп болады. Аз тамақтану денеге, аз ұйықтау рухқа рахаттық береді. Көп ұйықтау зиянды. Көп ішіп-жейтін адам, өзі қаламаса да, көп ұйықтайды. Аз ішіп-жеу және аз ұйықтау керек. Көп тамақ жеген адам көп су ішеді. Ал көп су ішкен адам көп ұйықтайды. Көп ұйықтаған адамның өмірі ұйқымен өткендіктен, дүние және ахиреттік табыстарына бөгет болады. Бір хадис шәрифте: «Амалдардың қайырлысы – уасат (орта шамада) болғаны. Дін – ифрат және тәфриттің ортасында» делінген. (Бәйһақи)

(Уасат – орта жол. Ифрат – қалыпты жағдайдан артық, тәфрит – қалыпты жағдайдан аз деген сөз. Мысалы, көп ұйықтау – ифрат, аз ұйықтау – тәфрит. Көп ішіп-жеу – ифрат, өте аз жеу – тәфрит.)

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Көп ұйықтау адамды ахиретте кедей қылады.» (Бәйһақи)

«Аллаһу та'ала көп ұйықтайтын адамды жақсы көрмейді.» (И.Ғазали)

«Таңғы ұйқы әлсіздік, жалқаулық, босаңдық және ұмытшақтыққа себеп болады.» (И.Мәуарди)

«Таңғы уақытта ұйықтайтын адам арқа және бел ауруларына шалдығады.» (И.Шарани)

«Сәске ұйқысы орынсыз, ал қайлулә (түскі ұйқы) пайдалы. Ақшам уақытында ұйықтау – ақымақтық.» (И.Мәуарди)

«Таңғы ұйқы ризыққа бөгет болады.» (Бәйһақи)

Хазреті Фатима анамыз айтып берген: Бамдат намазынан соң жаттым. Әкем мені оятып: «Қызым, тұр, ғапылдарға ұқсама! Аллаһу та'ала ризықтарды таң намазының уақытында таратады» деді. (Бәйһақи)