Сұхбат... Амал - иманның бөлігі емес (2)
Сұрақ: Күнә істеген мұсылмандарға кәпір деуге бола ма?
Жауап: Күнә істеген мұсылмандарға кәпір деуге болмайды. Өйткені, әһли сүннет сенімі бойынша адам күнә істеумен кәпір болмайды. Кейбір адасқан топтағылар күнә істеген адамға, өздеріндей ойламаған мұсылмандарға кәпір деп айтып адасуда. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Мұсылманға кәпір деген адамның өзі кәпір болады.» (Бұхари)
Мұсылманмын деп “шәһадат кәлимасын” айтқан адамға кәпір делінбейді. Бір соғыста шәһадат кәлимасын айтқан біреуді өлтірген адамға пайғамбарымыз (алейһиссалам): «Кәлимаи шәһадат айтқан адамды не үшін өлтірдің?» дейді. Әлгі адам «Ол тілімен айтты, жүрегімен қабылдамады.» деді. Сонда пайғамбарымыз: «Сен оның жүрегін жарып көрдің бе?» деп оны жазғырды. Сондықтан мұсылмандарға кәпір деп айтудан сақтану керек.
Күлімдейік...Қожанасыр
Қожанасыр бір күні бір жиынға кіріп кетіп:
- Менің не айтайын деп тұрғанымды білесіңдер ме? – депті. Бәрі:
- Жоқ, білмейміз,- десе,
- Білмесеңдер айтпаймын! – деп ренжіп шығып кетіпті.
2-ші күні тағы келіп:
- Менің не айтайын деп тұрғанымды білесіңдер ме? – депті. Бәрі:
- Иә, білеміз, білеміз,- десе,
- Білсеңдер, айтпаймын! – деп тағы шығып кетіпті.
3-ші күні бəрі ақылдасып: «Мына Қожекең бізді ақымақ қылып жүр. Бүгін келсе жартымыз білеміз, жартымыз білмейміз, - деп айтайық, депті.
Қожанасыр келіп:
- Менің не айтайын деп тұрғанымды білесіңдер ме? – депті. Олар:
- Жартысы білеміз, жартысы білмейміз,- десе.
- Онда білмейтіндерің білетіндеріңнен сұрап алыңдар, - деп шығып кетіпті.