Ертең ... Айт мерекесі
Ертең мұсылмандардың «Ийд-әл-адха», яғни Құрбан айт мерекесі. Мереке күндері мыналарды жасау сүннет: 1) Ерте тұру. 2) Ғұсыл алу. 3) Мисуак қолдану. 4) Хош иіс себу. 5) Жаңа және таза киім кию. 6) Араздарды татуластыру. 7) Қабірді зиярат ету. 8) Жүзік тағу. 9) Жылы жүзді болу. 10) Мешітке ерте бару. 11) Мешітке бара жатқанда тәкбір айту. 12) Мұсылмандарға сәлем беру. 13) Мұсылмандарды құттықтау. 14) Кедейлерге садақа беру. 15) Туыстарға бару. 16) Діндес бауырларына бару. 17) Сыйлық апару. 18) Қонақтарды күту. 19) Көп дұға оқу, тәубе ету.
Айт намазы қалай оқылады?
Айт намазы екі рәкаттан тұрады. Жамағатпен бірге оқылады. Бірінші рәкатта субханакәдан кейін әр қайсысында бөлек тәкбірмен қолды үш рет құлаққа көтеріп, бірінші мен екіншісінде екі жаққа түсіріледі. Үшіншісінде кіндік астында байлайды. Фатиха мен зәм сүре оқылып, руку мен сәжде жасалады. Екінші рәкатта тұрып, фатиха мен замм сүрелерін оқығаннан кейін екі қолды тағы да «Аллаһу әкбар» деп құлаққа көтереді. Үшінші тәкбирде қолды жанына түсіреді. Төртінші тәкбірде қолды көтермей, руку жасайды. Сәжде жасап, отырғаннан кейін сәлем беріледі.
Екі рәкатта неше рет қолды құлаққа апару керектігі оңай есте қалуы үшін «екі таста бір байла, үш таста бір еңкей» деп жаттап алынады.
Мәлімет ...Құрбандық қалай сойылады?
Алдымен тізеден келетін шұңқыр қазылады. Құрбандық малдың көзі байланады. Құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Екі алдыңғы және бір артқы аяғы біріктіріліп байланады. Үш рет құрбан айт тәкібірі айтылады. Сосын «Бисмиллаһи Аллаһу әкбар” деп тамағынан бастап сойылады. Кеңірдегі, өңеші мен екі жағында екі қан тамыры болады. Осы төртеуінің үшеуі бірдей кесілуі керек. Құрбандық тек қой, ешкі, сиыр және түйеден болады. Басқа жануарлардан немесе құстардан құрбандық болмайды.
Бір көзі көрмейтін, ақсақ, тістерінің жартысы жоқ, көзінің, құлағының және құйрығының басым бөлігі, алдыңғы немесе артқы бір аяғы кесілген, өте арық мал құрбандыққа шалынбайды.
Құрбандық еттің үштен бірін үйіне, үштен бірін көршілеріне, қалғанын кедейлерге беру мүстаһаб. Барлығын кедейге беруге немесе барлығын үйде қалдыруға да болады. Терісі намаз оқитын кедей адамға беріледі немесе үйде қолданылады.