Жануарлар әлемі... Пілдер (1)
Пілдер – ежелгі тұмсықтылар тобынан біздің заманымызға жеткен жалғыз жануар. Бұрын олардың түрі 40-қа жеткен болса, бүгінде үш қана түрі бар: Саванналық африка пілдері, африкалық орман пілдері және азиялық пілдер. Пілдің дене тұрқы – 6-8 метр, салмағы 9 тоннадай болады. Олар 70-80 жыл өмір сүреді. Негізгі ерекшелігі — үстіңгі ерніне жалғасқан ұзын ет тұмсығы (хобот). Олар мұны адамдардың қолындай пайдаланады. Сол арқылы заттың иісін біледі, сезеді және орап ұстайды. Піл тұмсығы бір мезгілде 7,5 литр суды ұстап тұра алады. Пілдердің көздері жақсы көрмейді, есесіне олар ешбір жаратылыс сезбейтін иісті сезіп қояды. Оның тұмсығында 40 мыңнан астам рецептор бар. Пілдің кейбір тұстарындағы тері қалыңдығы – 4-5 сантиметр болады. Олар мұңаяды, уайымдайды, сағынады, ағайындарына көмектеседі, музыкамен айналысады, сурет салады. Өздерінің дене көлеміне қарамастан олар епті және тез қозғалғыш келеді және олардың тепе-теңдік сақтау қызметі жақсы дамыған. Басқа ірі сүтқоректілер секілді пілдер ыстыққа қарағанда суықты жақсы көтереді. Күннің ең ыстық уақытын көлеңкеде өткізіп, денесін салқындату мен жылу алмасуды жақсарту үшін үздіксіз құлақтарын қағады. Олар суға шомылып, өздерінің үстеріне су құйып, батпақ пен шанда аунағанды ұнатады. Бұл әрекеттер терілерінің құрғап кетуінен, күнге күюден және шыбын-шіркейдің шағуынан қорғайды. Пілдер – отбасылық өмірді қадір тұтатын жануарлар. Олардың аналықтары әрқашан отбасымен бірге өмір сүреді, өлгенде немесе адамдар ұстап алғанда ғана бөлінуі мүмкін. Олар топ-тобымен жүреді, олардың қатарында 6 мен 12-нің аралығында піл болады. Ал аталық пілдер 12 жасқа таяғанда отбасынан бөлініп шығады.
(Жалғасы ертең...)