Күннің тарихы... Хазреті Әбу Бәкір
Хазреті Әбу Бәкір алғаш иман келтірген ер адам және мұсылмандардың алғашқы халифасы. Жәннатпен сүйіншіленген он адамның біріншісі. Пайғамбарлардан кейін адамзат ішінде ең ұлысы болып табылады. Барлық соғысқа қатысты. Аяттармен мадақталды. Ол Құран кәрімді алғаш рет кітап ретінде топтастырды. Хижраның 13 жылы, қазіргі жыл санауы бойынша 634 жылы жамазил-ахир айының 28-нде сейсенбі күні түнде 63 жасында қайтыс болды. Расулуллаһтың қасына жерленді. Аққұба өңді, көздері шүңіректеу, жылы жүзді, бетінде сақалы сирек болатын.
Хадис шәрифтерде былай делінді: «Әбу Бәкірдің иманы бүкіл адамзаттың иманының жиынтығынан да күшті». «Әбу Бәкір Сыддық - адамзаттың ең жоғарысы және ең жақсысы. Бірақ, ол пайғамбар емес». «Әр пайғамбардың жақын досы болады. Менің адал досым Әбу Бәкір». «Үмбетімнен лә илаһә иллаллаһ сөзін айтуды талап еткенім сияқты Әбу Бәкір мен Омарды жақсы көрулерін де талап етемін».
Ғибрат... Аманат
Пайғамбарымыздың хайбар соғысында жеңіске жеткен кезеңде алдында жүз шақты қой айдаған бір қойшы келеді. Пайғамбарымызға келіп: «Ей Аллаһтың пайғамбары! Мен мұсылман болғым келеді, мына қойларды ислам әскеріне бергім келеді» дейді. Пайғамбарымыз: «Мұсылман бола аласың әрине, сені осы сәттен бастап қабыл етеміз, біздің бауырымыз боласың... Мына қойлар кімдікі?» деп сұрайды. Әлгі кісі: «Хайбардағы бір байдың қойлары» дейді. Расулуллаһ: «Сен оның қойшысымысың?» деді. Ол «иә» дегенінде пайғамбарымыз былай дейді: «Демек, бұл қойларды ол саған аманат қылып тапсырған болды ғой. Сен алдымен бұл қойларды иесіне тапсыр! Содан кейін бізге келіп қосыл».