Сұхбат... Аманатқа қиянат – екі жүзділіктің белгісі
Қиянат - сенімді ақтамайтын тірлік істеу деген сөз. Бұл өте жаман мінездердің бірі. Қиянатшы – аманатқа қиянат жасайтын, жамандық жасайтын адам. Мұсылман болсын, кәпір болсын кез-келген адамға қиянат жасау үлкен күнә болады. Хадис шәрифте: «Сенімді болмаған адамда иман жоқ. Уәдесінде тұрмаған адамда дін жоқ.» делінеді.
Бұл хадис шәрифті әһли сүннет ғұламалары “аманатқа қиянат жасаған адамның иманы кәміл болмайды, бұл нәрсеге мән бермесе иманы кетеді” деп түсіндірген.
Қиянат жасау адамдардың ренжуіне алып келеді, бұл өз кезегінде харам және мүнафиқтықтың (екіжүзділіктің) белгісі болып табылады. Қиянаттың терісі – аманат, сенімді болу, адал болу. Аманат пен қиянат затта, мүлікте болатыны секілді сөзде де болады. Хадис шәрифте «Ақыл сұралатын адам – сенімді адам.» делінген.
Ақыл сұралған адамның дұрыс нәрсені айтатынына және сұралған нәрсені өзгелерден жасыратынына аманат етіліп, сеніледі. Адам, мүлкін сенетін адамына аманат ететіні (тапсыратыны) секілді, дұрыс айтатынына сенетін адамынан да ақыл, жол сұрайды. Али имран сүресінің 159-аятында: «Істейтін ісіңді әуелі ақылдас (кеңес)!» деп бұйырылған.
Ақылдасу, яғни кеңесу адамды өкінуден, опық жеуден қорғайтын қамал секілді. Ақыл сұралатын кісі адамдардың жағдайын, заманның және мемлекеттің шарттарын білуі тиіс. Бұл саясат ілімі деп аталады. Сонымен қатар ақылды, озық пікірлі, ілгеріні болжай алатын, тіпті денінің де сау болуы тиіс. Ақыл сұралған адамның білмегенін немесе білгенінің терісін айтуы күнә болады. Жаңылысып қате айтуы күнә болмайды.
Қорыта айтқанда мұсылман – аманатты, сенімді ақтайтын, ешкімге қиянат етпейтін адал адам деген сөз. Өзіне аманат етіп тапсырылған ешбір нәрсеге қиянат етпейді. Пайғамбарымыздың айтқаны секілді: «Мүнафиқтың (екіжүздінің) үш белгісі бар: Өтірік айтады, сөзінде тұрмайды және аманатқа қиянат етеді.»