Untitled Document

Сұхбат... Қалай киіну керек? (1)

Сұрақ: Бағалы матадан сәнді киімдерді кию керекпе, әлде қарапайым ескі киімдер кию керек пе?

Жауап: Мубах болған істерде ниет маңызды. Ниет жақсы болса сауап, жаман болса күнә болады. Бірақ харамдар жақсы ниетпен жасалса да харам болудан шықпайды. Шамасы жететін адамның бағалы матадан киім киюі жаиз. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Аллаһу та’ала жәмил (көрікті) және жамал иелерін (көріктілерді) жақсы көреді» (Мүслим)

“Бахр-ур-раиқ” кітабында былай делінеді:

«Жамал (көріктену) мен сәнденуді бір-бірімен шатастырмау керек! Жамал – денедегі, киімдегі ұсқынсыздық пен көріксіздікті кетіру, жұрт қатары болу және өзіне бұйырған дүниенің шүкірін орындау мақсатында ниғметтерін көрсету деген сөз. Аллаһу та’ала адамдардың жамал иесі болуын ұнатқан, ондайларды мақтаған. Жамал иесі болу үшін таза, жақсы киіну мубах. Бірақ өзгелердің алдында тәкаппарлану, мақтану үшін жақсы киіну харам болады»

Жамал – ұсқынсыздыққа, өзгелердің жиіркенуіне, мазақ етулеріне, қорлауына себеп болатын нәрселерді орындамау, бұларды жою деген сөз. Жасану (әшекейлену,сәндену) болса - басқаларды қызықтыратын, олардан үстемдік сезіндіретін және мақтанылатын нәрселерді жасау дегенді білдіреді. Жамал иесі болу үшін тұрғылықты жердің әдетінде болған нәрселерден харам болмаған ең жақсы киімді киіну керек. Хазреті Омар «Екі түрлі киімдерің болсын, бірі сәулетті болсын, екіншісі қарапайым болсын. Киімнің сәулетті және таза болуы адамның абыройынан» деген.

Ибн Омар хазреттері де “қандай киім киейін?” деп сұраған адамға «Төмен адамдардың мазағына, мәдениетті адамдардың сені кемсітуіне себеп болмайтындай киім ки» деп жауап берген. Хадис шәрифтерде былай делінді:

«Әдемі киініңдер, Аллаһу та’аланың сендерге берген ниғметтерінің белгісі үстілеріңде көрінсін.» (Нәсаи)

«Аллаһу та’ала бір құлына ниғмет бергенінде, әлгі ниғметтің пайдасын сол құлдың үстінде көрінуін жақсы көреді.» (Табарани)