Ғибрат... Тіс ауруының емі
Ертеде бір тақуа бар еді. Бір күні тісі ауырып, қатты мазасызданады. Бір дәрігерге барады. Дәрігер өте жақсы адам болатын. Барлық адамға жақсылық жасап, тура жолға түсулеріне себепші болатын. Тақуаға былай дейді:
– Аллаһу та’аланың рұқсатымен сенің тіс ауруыңды қойдырсам, не бересің?
– Не қаласаң да беремін,- дейді ол ойланбастан.
– Барлық ғибадаттарыңның сауабын қалаймын.
Тақуа ішінен «жазылған соң қайтадан сауап жинармын» деп ойлап, келіседі.
Тіс дәрігері бір дәрі береді, тақуаның тісі ауырғанын қояды. Тақуа Аллаһу та’алаға шүкіршілік етеді. Тақуаның шүкіршілігін естіген дәрігер былай дейді:
- Ей, тақуа. Сенің барлық жақсы әрекеттерің дүниеде бір күн дені сау болып өмір сүруге жетпейді. Бір тістің ауруы үшін бүкіл ғибадаттарыңның сауабын бердің. Басқа тістеріңнің ауырмауы үшін, басың мен басқа жерлеріңнің ауырмауы үшін не бересің? Міне, көріп тұрсың, адам баласы өте әлсіз. Бүкіл өмірімізді ғибадатпен өткізсек және жасалған барлық ғибадат қабыл болса, рахаттанып ауа жұтудың шүкірін өтей аламыз ба? Олай болса, ғибадаттарымызға қайтарым ретінде Аллаһу та’аладан бір нәрсе күту дұрыс па? Біз құлмыз. Құлдың міндеті - өзінің әлсіз екендігін мойындау.
Хикмет... Шүкір
Бір кісі Мұхаммед бин Уаси хазреттерінің аяғындағы жараны көріп «Сізге қатты жаным ашып тұр» дегенінде, оған былай деп жауап берген екен: «Ал мен бұл жараның көзіме шықпағаны үшін шүкір етудемін!»