Untitled Document

Бүгін... Астана күні

2008 ж. маусымның 23-інде Парламент Сенаты «Мерекелер туралы» заңға толықтыру енгізетін заң жобасын қабылдады. Ол бойынша 6-шілде – Астана күні мемлекеттік мереке болып белгіленді. Оның себебі, 1994 жылы дәл осы күні Алматыда ел Парламенті елорданы Алматыдан Астанаға көшіру туралы қаулы қабылдаған болатын. Осы Қаулыға сүйене отырып, 6-шілде Астана күні деп жарияланды. Бұл күн еліміздің жаңа тарихының жарқын беттерінің ашылуын, прогресс пен демократия жолынан айнымайтынын, ең бастысы, мемлекеттілікті мәңгі етуді бейнелейді. Сондай-ақ бұл күн елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің туған күні. Астана республикамыздың саяси және әкімшілік орталығы, Ата Заңның түпнұсқасы, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның эталондары тұрған жер. Отырыста заң жобасы бірауыздан мақұлданды. Қабылданған заңға Мемлекет Басшысы қолын қойып бекітті. Заңның толық мәтіні ресми ақпарат баспасөз құралдарында жарық көрді.

Астананы көшіру туралы идея елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтікі. Елбасымыз жоқ жерден үлкен қала салдырды. Астана – қазақ халқының мақтанышына айналды. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келгендердің барлығы тамсанып, таңғалып тамашалайтын қала.

Бұл күн Қазақстанның барлық қалаларында мерекелік іс-шаралармен аталып өткеріледі. Бүкіл Қазақстандық отандастарымызды шырайлы да сымбатты ел ордамыз Астана күнімен құттықтаймыз! 

Күннің тарихы... Ең үлкен бесбармақ

Былтыр Астана күніне орай Астана қаласында ең үлкен бесбармақ тағамы жасалып Гиннес рекордтары кітабына енді. Ұлттық тағамның жалпы салмағы 736,5 кг құрады. Астананың ірі мейрамханаларының 20 бас аспазы мен 20 шақты даяшы мен еріктілері әзірлеген тағамның дайындалуына 500 кг астам ет, 300 кг жуық пияз, 300 кг ұн жұмсалып, қамыры қолмен жайылды. Тағам арнайы тайқазанға салынып, жиналған қала тұрғындары мен қонақтарға таратылды.