Untitled Document

Бүгін... 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1996 жылғы Жарлығы бойынша 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні ретінде аталып өтуде. 100-ден астам ұлт тұратын Қазақстан халқы үшін бұл мерекенің орны бөлек. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығы негізінде Елбасы жанынан кеңесші-қатысушы орган ретінде дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.

Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда. 

 

Күннің тарихы...Ең үлкен лағман

Былтыр 1 мамыр, Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай Алматы қаласында әлемдегі ең үлкен лағман тамағы дайындалып, гиннес рекордтары кітабына енді. «Достық лағманы» деп аталған бұл тағамның салмағы 687 кг құрады. 30 аспаз тарапынан дайындалған тағамға 300 жұмыртқа, 250 кг көкөністер, екі жарым қап ұн, 120 кг ет қолданылып, 12 қазанда пісірілді. 1500 порциядан астам тағам жиналған жұртқа таратылды.